Еліміздің басым бөлігінде жел күшейіп, боран соғады

17 Қаңтар 2020, 07:20
1551
Бөлісу:
Еліміздің басым бөлігінде жел күшейіп, боран соғады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Қазгидромет" РМК 17 қаңтарға арланған ауа райы болжамын жариялады. 

Синоптиктердің болжамы бойынша, циклон және онымен байланысты атмосфералық фронталды бөліктер Қазақстан Республикасының солтүстік жартысына әсер етеді. Соның салдарынан еліміздің басым бөлігінде жауын жауып, солтүстік-батыста және шығыста жауын-шашын мол көлемде жауады, кей өңірлерде қалың қар түседі. Еліміздің оңтүстік жартысына жоғары қысым аймағы әсер етіп, күн жауын-шашынсыз болады. Республиканың кей жерінде бұрқасын, тұман, көктайғақ болып, екпінді жел соғады.

Қостанай, Ақмола, Павлодар облыстарында бұрқасын, Павлодар облысының кей жерінде қатты бұрқасын болады. Жел секундына 15-20 метр, кей жерінде 23-28 м/с жылдамдықпен соғады. Ақмола, Павлодар облыстарында желдің жылдамдығы секундына 30 метрге жетеді, кей жерде көктайғақ болады, Қостанай облысында тұман түседі.

Солтүстік Қазақстан, Қарағанды ​​облыстарында жел секундына 15-20 метр жылдамдықпен ұйытқиды, кей жерінде 23-28 метрге дейін жетуі мүмкін.

Солтүстік Қазақстан облысында желдің екпіні секундына 30 метрге жетеді, кей жерде одан да жоғары болуы ықтимал. Өңірдің бірқатар аумағында бұрқасын, көктайғақ болады.

Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының кей жерінде тұман түсіп, көктайғақ, бұрқасын болады, желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін күшейеді.

Алматы, Жамбыл облыстарының кей жерінде тұман түсіп, көктайғақ болады. Жамбыл облысының кей жерінде жаяу бұрқасын болуы ықтимал.

Шығыс Қазақстан облысының кей жерінде бұрқасын болады, жел секундына 15-20 метр жылдамдықпен еседі, екпіні 23-28 м/с-қа жетеді.

Түркістан, Қызылорда, Манғыстау, Атырау облыстарының кей жерінде тұман болады. Қызылорда облысының кей жерінде таңертең және күндіз 15-20 м/с жылдамдықпен жел соғады.


Өзгелердің жаңалығы