Еліміздің қай өңірінде қонақ үй көп

6 Желтоқсан 2019, 22:40
24141
Бөлісу:
Еліміздің қай өңірінде қонақ үй көп

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2019 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Қазақстандағы қонақ үйлер саны бойынша ШҚО, Алматы және Ақмола облыстары көш бастап тұр. Бұл туралы ҚР ҰЭМ Статистика комитеті хабарлайды.

Тиісті кезеңде Алматы облысында қонақ үй қызметтерінің көлеміне Алакөл көлінің курорттық аймағы үлкен үлес қосты.

Есепке сәйкес, Алакөл қонақ үйлері 440 мың келушіге қызмет көрсеткен. 2019 жылдың 9 айында Алматы облысындағы қызметтер көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5%-ға төмендеді. 2019 жылдың қыркүйегінде аймақта бір мезгілде 27 мың адамды сыйдыра алатын 540 қонақ үй бизнесімен айналысатын кәсіпорын және жеке кәсіпкерлер тіркелді. 2019 жылдың 9 айында олар 733,7 мың адамға, 8,4 млрд теңгеге жуық қызмет көрсетті.

Жалпы алғанда, 2019 жылдың қыркүйегінде Қазақстанда 3 630 қонақ үй бизнесімен айналысатын кәсіпорын және жеке кәсіпкерлер тіркелген. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 8,5%-ға жоғары.

Қонақ үй объектілерінің ең көп саны Шығыс Қазақстан облысында – 15,6%, Алматы облысында – 14,9% және Ақмола облысында - 11,2%.

Ал, республикалық маңызы бар қалалар арасында Алматы көш бастап тұр – 9,3%, Нұр-Сұлтанда – 5,7% және Шымкентте – 3%.

Бір жыл ішінде қонақ үй объектілерінің саны бойынша ең жоғары өсімді Алматы (+28,7%) көрсетті. Өңірлер бойынша ең жоғары өсім Түркістан (+18,3%), Қызылорда (+15%) және Ақмола (+14,3) облыстарында белгіленді.

Өзгелердің жаңалығы