Еліміздегі мектептер өзін-өзі басқару жүйесіне өтеді – министр

13 Маусым 2021, 01:25
4766
Бөлісу:
Еліміздегі мектептер өзін-өзі басқару жүйесіне өтеді – министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Президенттік кадрлық резервте тұрған жастармен кездесу барысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтып өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz. 

Министрдің айтуынша, Ұлттық кеңес отырыстарында қаралған идеялар мен бастамалардың 43 пайызы білім беру саласымен байланысты. Яғни Қазақстан үшін білім қашан да басты назарда деген сөз.

Орта білім саласындағы бүгінгі өзгерістерге келсем, алдымен басқару жүйесі өзгереді. Өздеріңіз білетіндей, жоғары оқу орындарына корпоративтік басқару жүйесін енгізген едік. Бұрын университет ректорлары барлық маңызды шешімді өз бетімен қабылдаса, енді директорлар кеңесі бар. Орта білім беру жүйесіне келсек, ендігі уақытта мұғалімдер жұмысқа байқау арқылы қабылданады. Сонымен қатар біз қаржыландыру саласында да айтарлықтай реформа жүргізіп жатырмыз. Ендігі уақытта білім беру ұйымдарына қаржы жан басына есептеліп бөлінеді. Бұл нақтылық. Демек ЖОО-да 1 мың студент бар ма сонша жанға есептелініп қаражат бөлінеді, – дейді Білім және ғылым министрі.

Асхат Аймағамбетов сонымен бірге мектепке дейінгі тәрбие және білім беру ұйымдарын ата-ананың өзі таңдай алатынын мәлім етті. Айтуынша, елімізде кейінгі 2 жылда жеке мектептердің саны 2 есе артқан. Осылайша, мемлекеттік бюджетке түсетін салмақ едәуір азайған.

Қазір ЖОО-ға өзін-өзін басқару жүйесі енгізілді. Аталмыш тәжірибе колледждерге де енгізіліп жатыр. Алдағы уақытта өзін-өзі басқару жүйесін мектептерге енгіземіз. Себебі пандемия білім беру мекемелері басшыларының өз бетінше шешім қабылдап, тиімді жұмыс істеудің маңыздылығын көрсетті. Цифрландыруға келсек, бүгінде мектептегі пәндік олимпиадалар мен ҰБТ электрондық форматта өтіп жатыр. Бұл уақыт пен қаржыны әлдеқайда үнемдейді, – дейді министр.


Өзгелердің жаңалығы