Еліміздегі қыздарды не толғандыратыны белгілі болды

8 Қазан 2019, 15:07
2812
Бөлісу:
Еліміздегі қыздарды не толғандыратыны белгілі болды

Алматы, BAQ.KZ. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің жанындағы Әлеуметтік және гендерлік ғылыми-зерттеулер институты "Мың келбетті жастық шақ: Алматы қаласының жоғары оқу орындары студенттерінің әлеуметтік-психологиялық портреті" тақырыбында арнайы зерттеу жүргізді. Бұл туралы аталған университеттің баспасөз қызметі хабарлады.

Жобаның мақсаты – Алматы қаласындағы жоғарғы оқу орындарында оқитын студент қыздардың кәсіптік дағдыларын зерттеу арқылы олардың өмірлік құндылықтары мен ұстанымдарын анықтау. Сонымен қатар, зерттеу барысында жоғарғы оқу орындарының оқу-тәрбиелік көрсеткіштеріне де талдау жүргізілген.

Институт мамандарының айтуынша, сауалнамаға Алматы қаласындағы 8 жоғары оқу орнының студенттері қатысқан. Олардың қатарында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, Алматы Менеджмент университеті, Шет тілдері және іскерлік мансап университеті, Сулеймен Демирел университеті және М. Тынышпаев атындағы Қазақ транспорт және коммуникация академиясы бар.

Әлеуметтік зерттеу барысында студенттердің жоғары оқу орнын таңдауы, білімге деген көзқарасы, кәсіптік бағдарға, бюджет көздеріне, саяси бағдарлауға, бос уақытты өткізуге, әлеуметтік сәйкестілікке, некеге тұруға, репродуктивтік және гендерлік бағдарламаға қатысты сұрақтар қамтылды.

Әлеуметтік және гендерлік ғылыми-зерттеулер институтының мамандарының пайымынша, бүгінде жастар психологиясының тұрақсызды, қоғамда өз орнын таба алмауы, білім және діни сауатының төмендігі, еңбек нарығында шеттетілуінен және бос уақытының көптігінен олқылықты жайттарға тап болады.

Респонденттер "Бұл мамандықты не үшін таңдадыңыз?", "Үш тілділік идеясына қалай қарайсыз? Ағылшын тілін оқытудың сапасы қанағаттандыра ма? Ағылшын тілін оқу барысында қандай қиыншылықтарға кез болдыңыздар?", "Университет дипломы қыздарға ма, әлде ұлдарға маңыздырақ па? Гендерлік таптаурын мәселесі жағынан талдау жасасақ? "Университет дипломын алғаннан кейін ер адамдарға жұмысқа тұру қыздарға қарағанда жеңілдеу ме? Әлде екеуіне де тең дәрежеде ме?", "Әлеуметтік белсенділік бізге не береді? Ол не үшін қажет?", "Білім алу ата-ананың қаражатына байланысты ма немесе мүмкіндік болса басқа оқу орнын таңдайтын ба едіңіз?" сынды сауалдар төңірегінде өз ойларымен бөліскен.

"Шетел азаматына тұрмысқа шығу. Бұл дұрыс па?" деген сұраққа бойжеткендердің басым бөлігі бұны құптамайтынын айтқан. Нәзік жандылардың пайымдауынша, қыздар шетелдік азаматқа әлеуметтік жағдайын түзету үшін жар болады. Ал сауалнамаға қатысушылардың бір тобы отбасылық бақыт ұлтқа немесе дінге байланысты емес деген пікір білдірген.

"Сауалнамаға мыңға жуық бойжеткен қатысты. Оны жүргізу үшін Қыздар университетінде арнайы 9 фокус топ ұйымдастырылды. Осы тақілеттес сауалнама алдағы уақытта жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары мен қызметкерлерінің арасында жүргізілмек", - делінген хабарламада.

Өзгелердің жаңалығы