Бас жаңалықтар
Елімізде жол мамандарын даярлайтын оқу орындары аз – «Қазақстанның құрметті жолшысы»
20 Қаңтар 2021, 14:06 210

Елімізде жол мамандарын даярлайтын оқу орындары аз – «Қазақстанның құрметті жолшысы»

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жол – тіршіліктің, экономиканың басты күретамыры. Тақтайдай тегіс жолдардың арқасында адамдар діттеген жеріне жетсе, мемлекеттер жүк тасымалын реттейді. Сапалы жолдар туризм мәселесіне де әсер етеді. Бір сөзбен айтқанда, жол инфрақұрылымы арқылы экономиканың көптеген саласы дами түсетіні анық. 

Биыл еліміздің Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толып отыр. Отыз жылда еліміз аумағының барлық өңірінде жол тартылып, әр ауыл, әр аудан мүмкіндігінше тегіс жолға табан тигізді. Әлі де жолын жөндеп, соқпағын өңдейтін өңір аз емес. Осы жылдар аралығында басқаны айтпағанда "Ғасыр жобасына" айналған "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" магистралының өзі Ұлы Жібек жолының бойында жатқан біздің ел үшін үлкен жетістік.

Осы орайда «Қазақстанның құрметті жолшысы» Аманғали Ашабаевпен аз-кем тілдескен едік.

Тілші: Аманғали аға, сіз жол саласында 40 жыл қызмет еттіңіз. Әріге кетпей осыдан отыз жыл бұрын ел экономикасы тоқырап, тіпті, ішерге ас таппай қалған шақта жолшылардың жағдайы қандай еді? Жалпы мемлекет 1990 жылдары жол саласына қаншалықты көңіл бөлді?

Аманғали Ашабаев: Біздің кезімізде, жалпы кеңес одағы тұсында жол саласына көңіл бөлінген емес. Ол кезде жол салатын техника жоқтың қасы еді. Ақша болуын болды. Бірақ оны жасайтын техникамен қамту жағы қиын еді. Ол кезде колхоз, совхоздар бар. Сол жерден ауылшаруашылық саласына арналған техниканы сұрап алатынбыз. Тағы бір айтатын мәселе, ол тұстағы жолдардың сапасы жақсы болды деп айта алмаймын. Себебі, жол салғанда, біріншіден, жақсы материал болмады. Біз оны шеттен, яғни Ресейден тасыдық. Мен өзі Батыс Қазақстан облысының тумасымын. Сол жердегі жағдай сондай еді. Қарапайым ұсақталған тастың өзін шеттен алатынбыз. Ал енді тәуелсіздік алғаннан кейін жағдай бірте-бірте түзеле бастады. Жол саласы кәдімгідей өзгерді. Қазір енді заман басқа. Қай жерге барсаң да жол салатын шетелдің техникасы бар. Сол техникаға қарап отырып өзім қызығамын.

Тілші: 2019 жылдың наурыз айынан бастап елімізде Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы мемлекеттік мекемесі өз жұмысын бастады. Бұл мекеме еліміздегі жолдардың сапасына жауап береді. Оның жұмысымен таныссыз ба?

Аманғали Ашабаев: Сапа орталығының талаптары күшейген. Мына теледидардан, газет, интернеттен қарап отырсақ, нашар төселген жолдарды қайтадан жасатып жатады. Тұрғындардың шағымдарын қарап, тексеріс жүргізеді. Өздерінің зертханалары бар. Бір сөзбен айтқанда, алған бағыттары дұрыс. Егер осылай жалғастыра берсе, жолардың сапасы алдағы уақытта жақсарады. 

Тілші: Жол саласында маман тапшылығы бар. Бұл салаға жасар неге қызығушылық танытпайды деп ойлайсыз?

Аманғали Ашабаев: Оның себебі, жол мамандарын даярлайтын оқу орындары аз. Мысалы, өзім туып-өскен Батыс Қазақстанда жолшыларды оқытатын оқу орындары бұрын болған жоқ. Мен өзім инженер-механикпін. Жол саласына барғанымда біздің бөлімде бірде-бір жол маманы болған жоқ. Бәріміз жан-жақтан келдік. Кейін Өскемен, Алматыда оқыған жас жігіттер келіп, деңгейіміз өсті. Енді қазір облыстарда оқу орындары бар ғой, бірақ оның білім сапасы қандай? Міне, осындай сұрақ туады. Сосын қазіргі жастар табысы көп саланы таңдайды. Жол саласы мұнай-газ саласы емес. Мүмкін Үкіметтен осыған бір көңіл бөліп, жастарды ынталандырса, жағдай өзгеретін шығар.

Тілші: Болашақ жолшыларға қандай ақыл-кеңес айтасыз?

Аманғали Ашабаев: Жолшы болу деген – болашағы зор, елге керегі мол, мәңгілік мамандық. Мына АҚШ-тың жол салғаннан кейін экономикасы дами бастады. Сондықтан жастарды осы салаға тартып, жол саласын биік деңгейге көтеру керек. Мемлекет басшысының жол саласына көзқарасы ерекше. Жолдауында да айтып өтті. Ендігі кезекте тиісті мекемелер өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарып, еліміздің дамуына күш салуы тиіс!

Тілші: Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға алғыс айтамын!


Фото: дереккөз
Загрузка...