Елімізде жеті мыңнан астам МСАК мекемесі жұмыс істейді

2 Наурыз 2021, 09:58
1062
Бөлісу:
Елімізде жеті мыңнан астам МСАК мекемесі жұмыс істейді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой алғашқы медициналық-санитариялық көмекті дамыту туралы өткен Үкімет отырысы барысында айтты.

Мемлекет басшысы  2020 жылғы 1 қыркүйектегі халыққа Жолдауында үкіметке алғашқы медициналық-санитариялық көмек мекемелеріне деген бағытты қайта қарауды тапсырған болатын. «Үкіметтің алдында алғашқы дәрігерлік көмекті ұйымдастыру тәсілдерін түбегейлі қайта қарау міндеті тұр. Бұл қызмет қалың жұртшылық, әсіресе ауыл тұрғындары үшін мейлінше жедел әрі қолжетімді болуға тиіс» деген еді Президент. Оның үстіне БҰҰ берік даму мақсатына сәйкес,  денсаулық сақтау қызметтерімен жаппай қамту, оның ішінде қаржылық тәуекелдерден қорғау, негізгі медициналық-санитариялық қызметтерге сапалы қол жеткізу және қауіпсіз, тиімді және арзан негізгі дәрілік заттар мен вакциналармен қамтамасыз ету көзделіп отыр, - деді ол.

Министрдің айтуынша, бүгінде елімізде халыққа медициналық-санитарлық алғашқы көмек (МСАК) қызметін жеті мыңнан астам (7 388) мекеме көрсетеді. Оның 2991-і  медициналық пункттер, 836-ы фельдшерлік-акушерлік пункттер, 1379-ы дәрігерлік амбулатория болса, тағы 2182-сі емханалар. 

МСАК медициналық қызметтің 59%-ын мемлекеттік мекемелер көрсетсе, 41%-ы жекеменшік мекемелер еншісінде. Амбулаторлы-емханалық көмектің қаржыландыру үлесі (ТМККК және МӘМС-тің жалпы көлемінен) – 52,4%-ды құрайды. МСАК ұйымдарында он мыңнан аса дәрігер (10 835) және 28 970 орта медицина қызметкері жұмыс істейді. Оның ішінде дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлерінің 48%-ы ауылды жерлерде қызмет етеді, - деді Цой.

Өзгелердің жаңалығы