Елімізде жайылым тапшылығы 29 млн гектардан асқан – сенатор

30 Қыркүйек 2021, 11:47
2505
Бөлісу:
Елімізде жайылым тапшылығы 29 млн гектардан асқан  – сенатор

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Еліміздегі ауылдар маңында жайылым жетіспейді, ал шалғайдағы жайлаулар қажетті инфрақұрылымның жоқтығынан қараусыз қалып отыр. Бұл туралы Сенаттың бүгінгі отырысында депутат Ольга Булавкина айтты.

Сенатор өзінің депутаттық сауалында жайылымдарды пайдалану саласындағы проблемалар мен кемшіліктерді шешу қажеттігін айтты.

Оның айтуынша, елімізде жайылым тапшылығы 29 млн гектардан асқан, бұл фермерлердің толыққанды жұмыс істеуіне мүмкіндік бермей келе жатыр. Сонымен бірге қазіргі қолдағы жерлерге үздіксіз мал жаю олардың азып-тозуына әкеліп соғады. Соның салдарынан ауыл шаруашылығы топырақ эрозиясына, жем-шөптің қымбаттауы мен мал шығынына душар болады. Сенатордың пікірінше, пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтарып алу жөніндегі билік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар да жағдайды жақсарта қойған жоқ. Бұл рәсімдер 2 жылға дейін немесе одан да көп уақытты алады. Сондықтан, шын мәнінде, соңғы 3 жылда бұл ереже жұмыс істеген жоқ.

Ольга Булавкина Сенатта қазіргі кезде жайылымдарды пайдалану мәселелері туралы заңды жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Депутат осыған байланысты елдегі жайылымдарды басқаруға қатысты сұрақтарға Қазақстан Үкіметінен жауап беруді сұрады.

Біріншіден, жайылымдық жерлердің құнарлығының төмендеу себептері мен оларды қалпына келтіру және пайдалану процестерін басқару шараларының тиімділігі нашар екеніне талдау жасала ма? Екіншіден, жаңарту мен техникалық қайта жарақтандыру және жаңа мелиорациялық жүйелер салу арқылы жердің құнарлығын қайтаруға мүмкіндік беретін технологияларға қандай инвестициялар тартылды? - деп сұрады Ольга Булавкина.

Өзгелердің жаңалығы