Бас жаңалықтар
Елімізде телесериал түсіру индустриясы қалай дамып жатыр?
PHOTO
27 Қазан 2020, 16:40 150

Елімізде телесериал түсіру индустриясы қалай дамып жатыр?

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда телесериал түсіру индустриясы қалай дамып жатыр? Отандық телесериалдарда не жетіспейді? Көрермендер қандай киноны көргенді ұнатады? Елімізде қай тілде фильм түсірген тиімді? Теледидарда көрсетіліп жатқан түрік, үнді және корей телесериалдарымен салыстырғанда қазақ фильмдерінің рейтингі қандай? Осы және басқа да мәселелер бойынша режиссер Дархан Сәркенов айтып берді.

Бүгін Алматыда «Өткінші жаңбыр» телесериалының таныстырылымы өтті. Фильмнің режиссері Дархан Сәркенов, продюсері Айкерім Самалбекқызы. Сондай-ақ телехикаяда Алмат Сақатов, Нұргүл Мыңғатова, Салтанат Бақаева сынды танымал актерлер басты рөлде ойнайды.

12 сериядан тұратын телесериалда негізінен қазіргі қоғамдағы әйелдер тағдыры қозғалады. Оған қоса Алматы қаласында іске асырылып жатқан «Бақытты отбасы», «Еңбек», «Іскер ана» және «Бастау бизнес» сияқты әлеуметтік жобалардың барысы баяндалады.

Бұған дейін бес телесериал түсірген Дархан Сәркенов әр фильмі бір-біріне ұқсамайтынын айтады. Бірі тарихи болса, енді бірі жастарға арналған.

Алғаш «Қозы Көрпеш Баян Сұлуды» түсірдім, ол тарихи сериал. Одан кейін «Армандастар» фильмін түсірдім. Осы жолы Алматы телеарнасының тапсырысымен әйелдер туралы сериалды түсірдім. Бұл әйелдер тақырыбындағы алғашқы жобам, сондықтан осы жағынан қызықты болды. Әйелдер нені ойлайды, нені армандайды, ішкі сұраныстары қандай деген мәселе қызық болды. Соны зерттеу кезінде ер адам ретінде көкейіме біраз дүниені түйдім, - дейді ол.


Сонымен қатар ол фильмді түсіру барысында жан-жақты ізденіп, әсіресе түрік, корей сериалдарындағы сәтті тәсілдерді ұтымды пайдалануға тырысқанын жеткізді.

Шығармашылық адамы болған соң әрдайым ізденіс, зерттеу үстінде жүреміз. Сондықтан үнді, түрік және корей фильмдерін жіті бақылап отырамыз. Олардың басты ерекшелігі интриганы жақсы ұстайды. Әрдайым көрерменді ары қарай не болады екен деп уайымдатып қояды. Көрермендерден сұрағанда да көпшілігі «неге екенін білмеймін, шетелдік сериалдар әйтеу уайымдатып қояды, сол жағынан ұнайды» деп айтып жатады. Мәселен адамдар қорқынышты киноға барғанды жақсы көреді ғой, сол сияқты көрермендер кейде жүйкесіне әсер ететін фильмдерді жақсы көретін сияқты. Интрига әдісі біздің де сериалдарға ақырындап еніп келе жатыр. Ал түсіру техникасы жағынан біз ешкімнен қалыспаймыз, - дейді режиссер.

Сәркеновтың айтуынша, елімізде шетелдік сериалдар көптеп көрсетіліп жатқанымен отандық сериал түсіру саласы кенде қалып жатқан жоқ, жақсы дамып келеді.

Тәуелсіздік алған кезде түсірілген алғашқы сериал «Перекресток» екені белгілі. Оның өзі қалың көрерменнің жақсы ықыласына ие болды. Одан бері жиырма жыл өтті. Қаншама жақсы сериал түсірілді. Сондықтан даму бар, - дейді ол.

Сондай-ақ ол көрермендер әсіресе қазақ сериалдарын, киноларын көргісі келетінін айтты.


Жалпы адамдар өздеріне таныс актерлерді фильмдерден көргісі келеді. Мәселен, түрік сериалына қарағанда қазақ фильмдерінің рейтингі жоғары. Өйткені кез келген мемлекет өз қоғамында не болып жатқанын білгісі келеді. Сондықтан қазақ киносына, сериалдарына сұраныс бар. Оның үстіне сценарийлер де жыл өткен сайын жақсарып келеді. Фильмдегі басты шешуші рөл сценарий мен актердің шеберлігіне байланысты. Жаман емес, қазір актерлеріміз Канн фестивальдерінен көрініп жатыр. Түрлі халықаралық жүлделерге ие болып жатыр, яғни шеберліктері өсіп жатыр. Бұның барлығы қазақ кино өнерінің дамуының бірден бір белгісі, - дейді режиссер.

Сөз арасында ол Түркияда сериал түсіру өнеріне бизнес ретінде қарайтынын айтты.

Түркияда жылына жүзге жуық сериал түсіріледі екен. Олар фильмдерін сыртқа экспорттап отыр. Мәселен жылдық табыстары 209 млн долларды құраған. Қазір бәрі ақша тұрады. Бізде әлі кең масштабта сатылып жатқан жоқ. Қырғызстан, Өзбекстан сияқты көрші елдерге ғана сатылған. Мен сериалдарды телеарналарға арнап түсіргендіктен сата алмаймын, яғни менің құзіретімде емес, - дейді ол.

Сондай-ақ ол сериал түсіруге бөлінетін қаражаттың аздығы да өнімнің сапасына әсер ететінін айтады.

Мәселен түрік телесериялының бір сериясының бюджеті біздің он екі сериалы фильмдікімен бірдей. Көрдіңіз бе, бұның бәрі фильмнің сапасына әсер етеді, яғни жақсы техника ала алмайсың, мықты актерлерді шақыра алмайсың. Өзіңе ұнаған нысандарды ала алмайсың дегендей. Бұл жерде бізге сериал түсіру бойынша индустрия керек. Режиссер, продюсерлердің кеңесіп, жұмыс істеу жағы жетіспей жатыр. Мәселен шетелде олар ақылдасып жұмыс істейді. Баға болсын, басқасы болсын өздері келісіп бір стандартты қояды. Бізге де сондай ұйым, қауымдастық керек. Бұған біздегі бәсекелестіктің аздығы да әсер етіп тұр. Егер Түркиядағыдай жоқ дегенде 50 млн көрерменіміз болғанда бұл индустрия жылдам дамитын еді, - дейді режиссер.

Сәркенов сөз арасында елімізде қазақ тілінде түсірілген киноларға сұраныс жоғары екенін айтты.

Статистикаға қарасақ, елімізде қазақтілді аудитория көп екен. «Ұлы дала комедиясы» деген киноны 100 пайыз қазақ тілінде түсірдік және көрермен келмей қала ма деп қорықтық. Алайда көрермен жақсы жиналды. Сондықтан елімізде қорықпай қазақ тілінде кино түсіре беруге болады. Өйткені біздің басты көрермен - қазақтар. Мысалы басқа ұлт өкілдері ол кино орысша түсірілген болса да бара бермейді, тек орысша сөйлейтін қазақтар баруы мүмкін. Оны қазір продюсерлер де айтып жатыр және бәрі қазақ тіліндегі фильмдерді түсіруге бет бұруда, - дейді ол.

Бүгін таныстырылымы өткен «Өткінші жаңбыр» телехикаясы 2 қарашадан бастап Алматы телеарнасында көрсетіледі.



Фото: дереккөз
Загрузка...