Елімізде рұқсат етілмеген 106 тұрақ жабылды - ІІМ
18 Қазан 2021, 11:17 2952

Елімізде рұқсат етілмеген 106 тұрақ жабылды - ІІМ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз министрліктің дәстүрлі брифингінде айтты.

Елімізде 4-13 қазан аралығында «Автобус» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді. Оның мақсаты - жолаушылар көлігінің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларын азайту, сондай-ақ жүргізушілердің тасымалдау ережелерін сақтауына бақылауды күшейту. Полиция қызметкерлері көліктік бақылау, мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлерімен бірге автокөлік кәсіпорындары мен жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпкерлерді тексерді, - деді Нұрділдә Ораз.

Оның айтуынша, автобустардың техникалық жағдайына және жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін сақтауына ерекше назар аударылды.

Операцияның 10 күнінде қоғамдық көлік жүргізушілері тарапынан жасалған 22 мыңнан астам (22 326) жол қозғалысы ережелерін бұзушылық, оның ішінде көлікті мас күйінде басқарудың 26 фактісі, қарсы жолаққа шығудың 45, маневр жасау ережелерін бұзудың 4,5 мың фактісі анықталды, - деді ол.

Нұрділдә Ораз жылдамдық режимін асырғаны үшін 402 жүргізуші жауапкершілікке тартылғанын айтты.

Сондай-ақ заңсыз қайта жабдықтаудың 900 фактісі, рейс алдындағы тексеруден өтпеудің 341 фактісі, техникалық байқаудан өтпеудің 1 845 фактісі, рөлде отырып телефон пайдаланудың 4,5 мыңнан астам (4 562) фактісі тіркелді. Жолаушыларды заңсыз тасымалдаудың 308 фактісі анықталды. Автобус парктерінің 194 лауазымды тұлғасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.106 рұқсат етілмеген тұрақ жабылды, - деді ол.


Фото: дереккөз
Загрузка...