Бас жаңалықтар
Елімізде неонатолог дәрігерлердің біліктілігін арттыруға арналған онлайн платформа ашылды
02 Ақпан 2021, 12:19 502

Елімізде неонатолог дәрігерлердің біліктілігін арттыруға арналған онлайн платформа ашылды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. AYALA қайырымдылық қоры неонатология, балалар реаниматологиясы, жаңа туған нәрестелер патологиясы және шала туған балаларды бағып-күтуге маманданған дәрігерлердің біліктілігін арттыруға көмектесетін тегін бейнекурстар платформасын ашқанын мәлімдеді. 

Жоба жетекшілерінің айтуынша, бұл платформаның мақсаты - қазақстандық медициналық тәжірибеге озық тәжірибені және ыңғайлы онлайн-технологияларды қолдана отырып, жаңа туған нәрестелердің ауыр жағдайларын емдеудің инновациялық әдістерін енгізу. Платформа жылына бірнеше мың медицина жұмыскерін қосымша кәсіптік біліммен қамтуға мүмкіндік бермек.  

AYALA қайырымдылық қорының вице-президенті Наталья Еськованың айтуынша, бұл қор 14 жылдан бері елімізде сәбилер мен балалар өлімін азайту бойынша жұмыс істеп келе жатыр. Оның ішінде дәрігерлердің біліктілігін арттыру мәселесі де қамтылған.

Біз қайырымдылық аясында жиналған қаржыға сәбилер мен балалар  өлімін азайту мақсатында медициналық құрал-жабдықтар алып, Қазақстан бойынша балалар емханасына табыстап келеміз. Соның арқасында жүздеген баланың өмірін сақтап қалдық. Тек 2020 жылы біздің қор 10 перинаталды орталыққа көмек көрсетті. Негізінен жаңа туған сәбидің, оның ішінде салмағы аз немесе денсаулығында ақауы бар балалардың өмірін сақтап қалуға көмектесетін қазіргі заманғы жабдықтар жеткізудеміз,-дейді ол. 

Сондай-ақ ол қор құрал-жабдықтар жеткізіп қана қоймай, дәрігерлердің біліктілігін арттыруға үлес қосып, олардың шетелдік әріптестерімен жиі байланыс орнатуы үшін онлайн-академияны ашқандарын жеткізді.

Бұл онлайн платформада біздің мамандар денсаулығында ақауы бар балалармен қалай жұмыс істеу керектігі жөнінде мәліметтер алып, олардың тәжірибесіне сүйенетін болады. Осыдан 10 жыл бұрын әлемнің жетекші дәрігерлерінің қатысуымен осындай курстарды өткізуді бастаған едік. Оған еліміздің жүздеген дәрігері қатысты. Қазіргі пандемия кезінде дәрігерлердің шетелге шығып, білімін арттыру жағдайы төмендеді. Сондықтан осындай онлайн платформаны ашып отырмыз, оның үстіне бұл мамандар үшін өте ыңғайлы,-дейді  Еськова. 

Жыл сайын AYALA қорының тегін курстары арқылы Қазақстанның перинаталдық орталықтары мен перзентханаларының 150-ге жуық дәрігері өткен. Жобаны жүзеге асыру барысында 500-ден астам медицина жұмыскері оқытылыпты. Алайда, егер ҚР-да жұмыс істейтін педиатрлар мен неонатологтардың жалпы статистикасын алсақ, онда бұл сегіз пайыздан аспайды. Сондықтан онлайн-академия оқуға қатысатын медицина кадрларын қамтуды арттыру міндетін қойып отыр. 

Жобаның тағы бір міндеті дәрігерлерді оқытуға барынша қолайлы жағдай жасау болып табылады, өйткені олардың әрқайсысы біліктілікті арттыру үшін жеке уақыт пен бағдарламаны таңдай алады. 

Платформада «Өкпені жасанды желдету» және «Сурфактанттарды енгізу» атты 2 бейне курс орналастырылған. Оларды Қазақстан мен Ресейдің жоғары санатты практик-дәрігерлері - Талғат Толықбаев пен Андрей Аверин әзірлеген. 

Курстар блоктарға бөлінген, бұл материалды игеруге көмектеседі. Тіркеуден кейін дәріс ақпаратына 2 ай бойы ашық қол жеткізуге болады. Сондықтан курстан тіпті жұмыс орнында өтуге болады, оны кішігірім үзінділермен тыңдап, қажет болған жағдайда жазбаға қайта оралады. Әр дәріске таныстыру материалдары ұсынылады. Аяқталғаннан кейін тыңдаушылар тікелей эфирде немесе чатта нақтылайтын сұрақ қоя отырып, дәріскерден кері байланыс алу мүмкіндігіне ие болады. Сондай-ақ әрбір блоктан кейін және курстың соңында міндетті тест тапсырмасы түрінде меңгерілген материалды бақылау көзделген, - дейді Наталья Еськова.

Жоғары санатты практик-дәрігерлер Талғат Толықбаев мұндай платформаны ашудың қажеттілігі туғанын және ол мамандар үшін маңызды екенін жеткізді.

Пандемиялық қиын кезеңге байланысты неанотолог дәрігерлердің біліктілігін арттыруға жағдайы болмай қалды. Жыл сайын ғылыми-тәжірибелік конференцияларға, курстарға қатысып, пікірлесіп отыратынбыз. Соңғы жылы арамыздағы осындай байланыс үзіліп қалды. Дегенмен осындай онлайн платформаны жасау қажеттілігі туды және осындай білімді артыруға арналған платформаны әзірлеуге үлес қосқаныма қуаныштымын. Менің тақырыбым ақауы бар балалардың денсаулығын жақсартуға арналған, - дейді дәрігер. 

Жобаны AYALA қайырымдылық қоры «Шеврон» компаниясымен бірлесе отырып жүзеге асырады.



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...