Елімізде инвестиция көлемі 30%-ға төмендеген – вице-министр

29 Қараша 2021, 13:13
790
Бөлісу:
Елімізде инвестиция көлемі 30%-ға төмендеген – вице-министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Пандемия кезінде Қазақстанда тікелей шетелдік инвестиция ағыны 30%-ға төмендеп, 17 миллиард АҚШ долларын құрады. Ал 2021 жылдың қорытындысы бойынша 20 млрд АҚШ доллары көлемінде болды. 

Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министрі Әлішер Әбдіқадыров мәлімдеді. 

Соңғы бірнеше жыл ішінде тікелей шетелдік инвестициялар ағындарының қысқаруын мамандар жаһандық саяси және экономикалық климаттың нашарлауына, сондай-ақ коронавирустық пандемияға байланысты деп түсіндіреді.

Қазақстанда өткен жылы тікелей шетелдік инвестициялар көрсеткіші рекордтық 30%-ға төмендеп, 17 миллиард АҚШ долларын құрады. Алайда, биыл динамика жақсырғаны байқалады. Мәселен, осы жылдың 6 айының қорытындысы бойынша ел экономикасына 11,1 миллиард АҚШ доллары тікелей шетелдік инвестициялар тартылды, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңінен 30,4%-ға артық, - деп мәлімдеді вице-министр.

Осы жылдың қорытындысы бойынша елімізге құйылған инвестиция 20 млрд. АҚШ долларын құрады, ал 2023 жылға қарай 4 миллард АҚШ доллары болады деп күтілуде.

2020 жылы пандемия және онымен байланысты шектеу шаралары жағдайында жаһандық тікелей шетелдік инвестициялар ағындары 35%-ға төмендеді, бұл соңғы 30 жылдағы ең төмен көрсеткіш. Әлемнің барлық елдерінде құлдырау байқалады. Еуропаның дамыған елдеріне, Азияның дамушы елдеріне және өтпелі экономикасы бар елдерге ТШИ ағыны 30-45%-ға, Солтүстік Америкаға - 20-35%-ға қысқарды, - деп хабарлады Әлішер Әбдіқадыров. 

Маманның айтуынша, инвестицияға сұраныс бұрынғыдан да жоғары болып қала береді және ұсыныстар азаюда. Осыған байланысты инвестициялар нарығы күрделене түседі және бәсекеге қабілетті болады.

Өзгелердің жаңалығы