Елімізде ескі көліктерді қабылдауға арналған квота бекітілді

18 Ақпан 2019, 15:36
2609
Бөлісу:
Елімізде ескі көліктерді қабылдауға арналған квота бекітілді

Астана, BAQ.KZ. Қазақстанда пайдаланудан шыққан автокөліктерді қабылдауға арналған 2019 жылғы квота бекітілді. Бұл жөнінде ҚазТАГ ақпараттық порталы Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері операторының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

«Қазақстанның Энергетика министрлігі 2019 жылғы пайдаланудан шыққан көлік құралдарын қабылдауға арналған квота көлемін бекітті. ӨКМ операторының жинақтау пунктері осы жылы 25 мың жеңіл және коммерциялық көлік, сондай-ақ ескі автокөліктерді сатып алу бағдарламасы аясында тағы 25 мың жеңіл автокөліктің жеңілдік сертификаттарын қабылдауы мүмкін», - деп жазылған хабарламада.

Сонымен қатар, Энергетика министрлігінде жүк пен жолаушылар көлігін утилизациялауға тапсыру кезінде жеңілдік сертификатының көлемін ұлғайту келісілді.

«2019 жылдың 20 ақпанынан бастап пайдаланудан шыққан көлік құралдарын тапсыру кезінде көлік иесі 550 мың және 750 мың теңге көлеміндегі сертификатты алады. Бұған дейін мұндай сертификаттар көлемі 450 мың және 650 мың теңгені құраған болатын. Ескі жеңіл көлікті утилизацияға тапсырғаны үшін жеңілдік сертификатының көлемі бұрынғысынша 315 мың теңге көлемінде қалады», - деді ӨКМ операторы.

Сондай-ақ, жеңілдік сертификаттары бойынша утилизациялау бағдарламасының талаптары да өзгеріссіз қалдырылды.

Өзгелердің жаңалығы