Елімізде экомәдениет енді-енді қалыптасып келеді – экобелсенді

7 Маусым 2020, 12:10
4240
Бөлісу:
Елімізде экомәдениет енді-енді қалыптасып келеді – экобелсенді
PHOTO VIDEO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің экоамбассадоры, сертификацияланған жаттықтырушы, экологист, экобелсенді Мәриям Қасымованың қоршаған ортаны қорғауға қатысты тың жобалармен айналысып жүргеніне біраз болған. Ол "Үйде тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинаудың оңай әдісі" атты авторлық курс ұйымдастырып, ересектер мен балаларға экологияға қатысты дәрістер оқиды, түрлі экочеллендждер, акциялар өткізеді.

Мәриям Қасымова экология тақырыбы қашанда жанына жақын болғанын айтады. Тек, бұрын қоршаған орта проблемаларын дәл қазіргідей жете түсіне қоймаған. Ал, өзі ана атанған сәтте сәбиінің табаны тиген жер, ауасын жұтқан аймақ, жемісін деген топырақ, тұтас айналасындағы әрбір дүниеге алаңдай бастағанын айтады.

Экология тақырыбымен жақындығымыз 2019 жылдың қаңтар айында басталды. Жаңа жыл болатын. Бақытты балалығыңа, естен кеткен естеліктерге күмп беретін шақ қой. Мереке қаншалықты ғажайып болғанымен, одан кейін қалатын қоқыс алаңдатпай қоймады. Содан үйде қоқысты бөлу идеясы туындады. Қоқыс салатын екі түрлі шелек пайда болды, біріне қайта өңдеуге болатын қалдық салынса, енді біріне өңдеуге келмейтін қалдық салынды. Балалар шатаспас үшін сыртына қандай қоқысты қайда салу керегін жазып қойдым. Бұл идеяның айналамыздағы өзгелерге ұнағаны сонша, өздері де қызығып, бізден қайталай бастады, - дейді ол.

эко1.jpeg

Мәриям Қасымованың айтуынша, дәл осы мезетте қызының мектебінде қоқыс тақырыбына арналған байқау өтеді. Экологияны қорғаудың алғашқы қадамын өздігінен бастап кеткен отбасы үшін бұл байқау тамаша мүмкіндік болады. Осылайша, түрлі қалалық байқауларға жол ашылады, кейін халықаралық "Климаттық сандықша" атты мектеп жобалары байқауында да жүлделі орынға ие болады.

Елімізде экомәдениет енді-енді қалыптасып келеді. Күн өткен сайын экологияға зиян тигізбейтін өмір салтына ауысып жатқан адамдар саны артып келеді. Елорда тұрғындарының қаланы таза ұстауға деген ниетін көргенде қуанасың,  - дейді ол.

"Жер балалары" атты балалар экоқозғалысын құрып, Social Good Summit, Ecoligical Livestyle Workshop сынды түрлі алаңдарда экоспикер ретінде дәріс оқитын Мәриям өзі ұйымдастырып жүрген жобаларының негізгі мақсаты – адамдардың тұрмыстық қалдық көлемін барынша азайтуға, қажеттіліктерін саналы түрде қарастырып, болашақ ұрпаққа қалатын қоршаған ортаның жағдайына назар аударту екенін айтады.

эко2.jpeg

Еліміздің әрбір азаматы экосауатты болса, өздерінің және жақындарының өмірін қауіпсіз ете алады. Әрбір өткізген шеберлік сағаттары, семинар сайын байқайтыным – бұл салаға көбінесе, жастардың қызығушылығы артып келеді. Әсіресе, шетелде оқып келген жастардың көзқарасы өзгеше. Олар өздігінен экоәдеттерді қалыптастырып жатады, бұл тамаша нәтиже. Әр адам үйдегі қалдықты бөлу, дүкеннен сауда жасарда экодорбаларды қолдану, суға арналған арнайы бөтелкелер мен кофеге арнап термоыдыс қолдану сияқты қарапайым дүниелерді әдетке айналдырса, мұның өзі қоршаған ортаға орасан көмек болар еді. Экология министрлігі экоамбассадоры ретінде маған табиғат-ананың проблемалары етене жақын. Қазір күн тәртбінде тұрған мәселе көп. Осы орайда, әрбір адам біздің ортақ үйіміз саналатын - табиғатқа ерекше ықылас танытса екен деймін, - дейді ол.


Өзгелердің жаңалығы