Елімізде егіс алқаптарын әртараптандыру жұмысы жүргізілуде

22 Желтоқсан 2020, 10:25
1402
Бөлісу:
Елімізде егіс алқаптарын әртараптандыру жұмысы жүргізілуде

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі.  Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров бүгінгі Үкімет отырысында айтты. 

Министрдің айтуынша, биыл ауыл шаруашылығындағы вегитациялық кезең оңай болған жоқ. Оған оңтүстік облыстардағы ауыл шаруашылық тауарын өндірушілердің су тапшылығына қатысты көптеген өтініштері дәлел. Дегенмен, Үкімет қабылдаған шаралар және әкімдіктердің үйлесімді жұмысы арқасында егін жинау айтарлықтай шығынсыз өткен. 

Қазір маңызды міндеттердің бірі суармалы жерлерде суды ұтымды және үнемді пайдалану болып отыр. Әкімдіктердің дерегінше 2020 жылы суармалы жерлердегі егіс алқабы 1,4 млн гектарды құрады. Оның 79 пайызы жер бетімен суару тәсілімен суарылады. Бұлар негізінен күріш алқаптары. Ал, егіс алаңының 200 мың гектары заманауи тамшылатып суару әдісі пайдаланылады. Бұл жерде Павлодар, Қарағанды, Ақмола облыстарында ылғал үнемдеу технологияларын пайдалану пайызы жоғары, - дейді министр. 

Статистика деректері бойынша қазір суармалы жерлерде, майлы, дәнді азықтық, көкөніс бақша дақылдары, мақта, картоп, күріш және қант қызылшасы өсіріледі екен. Негізгі үлес бидай мен арпа сияқты дәнді-дақылдарға, сондай-ақ мақта мен күріш сияқты монодақылдарға тиесілі. 

Министрлік пен облыс әкімдіктері арасында жасалған меморандум аясында суды көп қажет ететін дақылдар мен монодақылдардың үлесін азайту, сондай-ақ рентабелдігі жоғары балама дақылдардың алаңдарын ұлғайту арқылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алаңдарын әртараптандыру жүргізілуде, - дейді Сапархан Омаров.

Осы жылы мақта өсіру алаңы 126 мың гектарды құраған, бұл 2017 жылғы деңгейден 8,6 мың гектарға аз. Күріш алаңы 2017 жылмен салыстырғанда биыл 700 гектарға азайған.

Өзгелердің жаңалығы