Бас жаңалықтар
Елімізде еңбек құқығы заңнамасы қаншалықты сақталады?
27 Қыркүйек 2020, 12:28 401

Елімізде еңбек құқығы заңнамасы қаншалықты сақталады?

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 22 қарашадағы Жарлығы бойынша қыркүйек айының соңғы жексенбісі «Еңбек күні» деп белгіленді. Биыл атаулы күн 27 қыркүйекке сәйкес келіп отыр.

Еңбек адамының құқығын қорғайтын «Еңбек кодексі» 2015 жылы 23 қараша күні қабылданып, 2016 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енді. Аталған заңда жұмысшы мен жұмыс берушінің құқығы айқын көрсетілген. Алайда еңбек құқығы тапталып, бейнеттенген еңбегінің ақысын ала алмай жүрген азаматтар күнделікті өмірде кездесіп жатады.
  Биыл 2 мыңнан астам еңбек құқықтарын бұзу фактілері жойылды 

ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов халыққа есеп беру кездесуінде Үкімет еңбек дауларын болдырмау бағытында кешенді жоспарды іске асырып жатқанын және еңбек заңнамасының сақталуын қатаң бақылайтындарын айтқан еді. 

2020 жылғы қаңтар-мамыр аралығында мемлекеттік еңбек инспекторлары 2 мыңнан астам еңбек құқықтарын бұзу фактілерін жойды, 17 мың қазақстандықтың жалпы сомасы 1,7 млрд теңгеге жалақы бойынша берешегі өтелді. Сондай-ақ шетелдік жұмыс күшін тартатын 95 кәсіпорынға тексеру жүргізілді, оларда 1 мыңнан астам түрлі заң бұзушылықтар жойылды, - деді министр. 

Министр сондай-ақ, 2019-2023 жылдарға арналған зиянды жұмыс орындары мен өндірістік жарақаттануды төмендету жөніндегі жол картасы іске асырылып жатқанын айтқан еді. Ол бойынша 14 мыңнан аса өндірістік кеңес құрылып, 2,3 мың еңбекті қорғау стандарты енгізілген. 

Соңғы 4 жылда қабылданған шаралардың нәтижесінде өндірістік жарақаттану төмендеуінің оң серпіні байқалады. Мысалы, 2016 жылы 1683 адам зардап шексе, 2019 жылы ол 1431-ге дейін азайды. Еңбек қатынастары саласында әлеуметтік серіктестік белсенді дамып келе жатыр. Атап айтқанда, 126 мың кәсіпорын ұжымдық шарт жасасты, оның ішінде ірі және орта кәсіпорындар — 94,7%. 137 мың кәсіпорын жұмыс орындарын сақтау жөнінде меморандум жасаған. 205 мың кәсіпорын жалақысы төмен 1,2 млн жұмысшы жалақысын 32,7%-ға көтерді,-деді Нұрымбетов. 

Тағы бір айта кететін жайт осы жылдың 14 мамырында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң күшіне енген. Аталған құжат Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесін қайта қарауды көздейді. Нақты атап өтер болсақ: 

- Жұмыскердің еңбек қызметі туралы ақпаратты енгізу арқылы кадрлық іс жүргізуді цифрландыруды;
- Жұмыс берушілердің оларға лайықты еңбек және тұрмыс жағдайларын жасау жөніндегі міндеттері мен жауапкершілігін белгілеуді;
- Жұмыс берушінің еңбек шартын біржақты тәртіппен бұзу құқығын болдырмауды;
- Мерзімді әскери қызмет өткеру кезеңінде азаматтардың жұмыс орнын сақтауды;
- Қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін кәсіподақ қозғалысын ынталандыру және кәсіподақтардың рөлін арттыру мақсатында кәсіподақтарды құру тәртібі. 

  Заң талаптары орындала бермейді 

Еліміздің Еңбек заңнамасы толықтырылып, жетілдіріліп жатқанымен оның талаптары мен шарттары үнемі орындала бермейтін көрінеді. Алматы қаласындағы «КЕШ» құқық қорғау орталығының директоры Кәмшат Шынтекова Еңбек инспекциялары тиімді жұмыс атқара алмай отырғанын айтады. 

Еңбек дауы көбінде адамдардың жұмысқа тұрған кезде жұмыс берушімен келісімшарт жасаспауынан болады. Яғни құрғақ уәдеге сендіріп, адамдардың еңбегін тегін пайдаланып, оларды сан соқтырып кететін жағдай өте көп. Алматы қаласы бойынша Еңбек инспекциясы әділетті тексеріс жүргізбеуі де мұндай жағдайлардың қайталануына әсер етіп отыр. Мәселен, бізге мейрамханада ыдыс жуып, ақшасын ала алмай қиналған адамдар хабарласты. Олардың жұмыс берушімен ортасында келісімшарты болмаған, сондықтан мейрамхана басшысы оларды жұмыстан оңай шығарып жіберген. Осы жай бойынша қаланың Еңбек инспекциясына шағым түсірдік, бірақ олар «ешқандай негіз таппадық, сіздердің онда жұмыс істегендеріңізді ешкім растамады» деген сылтау айтты. Алайда жұмысшылардың ол жерде жұмыс істегенін дәлелдейтін фотолары бар екенін және адам тектен-текке Еңбек инспекциясына келмейтінін қаперлеріне де алған жоқ. Бұл жерде адамдардың еңбек құқығы бұзылып тұр, сондықтан жүгінді. Артық айтқаным емес, Алматы қаласынадағы еңбек инспекциясы кейбір жағдайларға дұрыс зейін салып қарамайды. Сөйтіп ол қыздар ары қарай ізденген жоқ, оларға қоқаң-лоқы жасалғандықтан ақшаларын сол бойы ала алмады. Аяғына дейін күресейік деп едім, қыздар бас тартты,-дейді заңгер. 

Сондай-ақ, ол жақында құрылыс саласында жұмыс істейтін адамдар еңбек құқығы тапталғаны жайлы шағымданып келгенін айтты. Құрылыс салумен айналысатын топ мердігермен келісімшарт жасаспай жұмыс істеген. 

Олар басында құрылысшы болып кіреді, кейін жұмыс беруші Жеке кәсіпкерлік ашыңдар солай келісімге отырамыз деген. Сөйтіп олар мемлекеттік нысанды салып беріп, ақшасын ала алмай отыр. Бұл жерде олардың құқығын кім қорғау керек? Біз Еңбек инспекциясына хабарластық, олар оны сотқа жіберді. Адамның еңбек құқығы бұзылып жатқаны айналып келгенде Еңбек иснпекциясындағы мамандардың біліксіздігінен. Егер олар әрекет етіп, жақсы жұмыс істегенде нәтижесі де дұрыс болар еді. Адам құқығын қорғауда заңгерлер мен Еңбек иснпекциясы арасында өзара байланыс болу керек және оны ары қарай жетілдіру керек. Өйткені бізде заң бар, енді оның талаптары орындалу керек. Мәселен, құқық қорғаушылар жалақысын ала алмай жүрген азаматтардың ісін қарағысы келмей, оларға азаматтық тәртіпте өндіріп алыңыз деп бастарын ала қашады. Сондықтан адамның еңбек құқығы бұзылған кезде еңбек инспекциясы олардың ісін қарауға даяр болу керек. Егер біз бұл инспекцияны аттап өтіп, бірден сотқа жүгінсек бәрібір бұл жағдайды анықтауға, мәлімет келтіруге сол Еңбек инспекциясын тартады, - деп түсіндірді Кәмшат Шынтекова. 
Заңгер жұмысшы мен еңбек адамы арасында дау болмас үшін міндетті түрде келісімшарт жасалу қажет деген кеңес берді. 
Егер ауызша жасалған келісім болса және ол қандайда бір бейнетаспамен бекітілмесе ертең өзін қорғау қиын болады. Екіншіден, куәгерлер болу керек және олардың нақты қай жерде жұмыс істейтіні маңызды. Тіптен, ол мекеменің қанша жылдан бері жұмыс істеп жатқанын және оған қатысты пікірлерді оқып білген дұрыс. Тығырыққа таяндым деп кез-келген жұмысқа басты сұға беруге болмайды. Себебі әртүрлі дау осы жерден пайда болады. Заңды түрде жұмысқа орналаспағаннан кейін оның арты заңсыздыққа алып келеді. Оған қоса жұмыстың деңгейін, уақытын, айлық ақысын нақты келісіп алу қажет. Шығатын еңбек демалысы, сыйақысы бар, жоғын анықтау керек. Егер еңбек дауы туындаса дереу әрекет етіп, заңгерлердің көмегіне жүгіну қажет, - дейді ол. 

  Кәсіподақ еңбек адамына не береді? 

Елімізде еңбек адамдарының құқығын қорғап, жұмыс берушімен арасындағы дауларды шешуде өз үлесін қосып келе жатқан ұйымның бірі Кәсіподақ. Олармен келісім жасаған еңбек адамының құқығы үнемі қорғалады. «Алматы қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрайымы Зәуреш Өмірбаева жұмысшының мүддесін қорғауда ұжымдық келісімшарт үлкен маңғызға ие екенін айтады. 

Ұжымдық келісімшарт жалдамалы еңбек акдамдарының құқығын тиімді қорғау үшін жасалған. Онда қарапайым еңбек адамы үшін кепілдіктер мен жеңілдіктер жасалған. Яғни еңбек еткен жылдарына сыйақы төлеу, материалдық көмек, жазғы демалысты сауықтыру сияқты мәселелер қаралған. Бастысы кәсіподақ мүшесінің мүддесіне нұқсан келмейді әрі құқығы әрдайым қорғалады, - дейді ол. 

Зәуреш Өмірбаева ұжымдық келісімшарт тек бір тарап үшін емес, әсіресе жұмыс беруші үшін де қажетті құжат екенін айтады. 

Ол жұмыс орнында еңбек дауларын азайтуға, ұжымдағы жұмысты тиімді жүргізудегі маңызды мәселелерді шешімін әзірлеуге ықпал етеді. Яңни, бұл жерде бәрін ұжым болып шешеді,-дейді ол. 

  Елімізде жұмысқа қабілетті қанша адам бар? 

Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметінше, елімізде 15 жастан асқан жұмыс күшінің саны 9,2 млн адамды құрайды. Оның 8,7 миллионы жұмыспен қамтылған. Ал, жұмыссыздар саны 454 мың адам, жұмыссыздық деңгейі 5% деңгейінде. 

Жұмыс істейтіндер ішінде 6,7 миллион адам жалдамалы қызметкерлер екен. Ал, 1,5 млн адам дара кәсіпкер, сондай-ақ 4,4 мың адам практикамен айналысады, 15 мыңнан астам адам шаруашылық серіктестігінің құрылтайшысы. Тәуелсіз жұмыскерлер саны 538 мыңға жуық. 

Сонымен қатар, жұмыспен қамтылғандар ішінде 7,1 млн адамның жоғары және орта кәсіптік білімі бар. Оның үстіне жұмыспен қамтылғандардың негізгі үлесін 29-54 жастағы адамдар құрайды екен, олардың саны 5,7 млн адам.
  2020 жылғы II тоқсандағы көрсеткіш бойынша жұмыссыз ерлер саны 216,3 мың адамды, ал, әйелдердің үлесі 237,6 мың адамды құраған. 15-28 жастағы жұмыссыз жастар саны 84 мың.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...