Бас жаңалықтар
Дәріханаларға рейд: 295 теңге тұратын лидокаин 1000 теңгеге сатылған
15 Шілде 2020, 17:39 194

Дәріханаларға рейд: 295 теңге тұратын лидокаин 1000 теңгеге сатылған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Facebook-тегі ресми парақшасында өткен онлайн брифинг барысында ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев айтты.

Қазіргі уақытта біздің өңірлік департаменттерімізбен бірге, барлық комитетіміз, жергілікті атқарушы органдармен қоса, дәрі-дәрмек бағасының шектен тыс артуына байланысты тексеріс жүргізіп жатыр. Соңғы 2 аптаның ішінде Қазақстан бойынша 1400 дәріхана тексерілді. Жалпы, елімізде 8 мыңнан астам дәріхана бар. Қазір республикадағы дәріханалардың тек 15 пайызын ғана тексердік. Тексеріс барысында дәрі бағасын қымбаттатып сатқан 100-ге жуық деректі анықтадық. Көбіне, дене қызуын төмендететін дәрілер, антибиотиктер, вирусқа қарсы дәрілер, антикоагулянттардың шекті бағасынан көтеріп сату дерегін байқап отырмыз, - деді ол.

Комитет төрағасы дәрі бағасының өсім көлемі 20 теңгеден басталып, 2-3 есеге дейін артып жатқанын айтты. Мысалы, жиі қолданылатын "Ингавирин" препаратының ДСМ бұйрығы арқылы бекітілген шекті бағасы 5640 теңге болса, дәріханада ол 8000 теңгеден сатылған (бұл тіркелген дерек).

Сол сияқты Лидокаина гидрохлорид (Lidocaine hydrochloride) препаратының бір ампуласына арналған шекті баға 295 теңге болса, дәріханада ол 1000 теңгеге сатылған. Өздеріңіз байқап отырғандай, бұл жерде ол үш есе бағаға сатылып тұр. Сонымен қатар, коронавирус инфекциясының патогенетикалық ем-дом кезінде қолданылатын "Клексан" дәрісінің негізгі бағасы 1862 теңге болса да, ол екі есе бағаға, яғни, 2450 теңгеден сатылған. Бұдан бөлек, мониторинг жүргізу барысында Қазақстанда тіркелмеген 102 препарат түрі анықталды. Бұл дәрілер сапа және қауіпсіздік сертификациясынан өтпеген, олардың Қазақстан Республикасы аумағында сатылуына рұқсат жоқ, - деді ол. 

Тимур Сұлтанғазиев мұндай деректер тіркелген жағдайда, комитет заңға сәйкес әрекет ететінін жеткізді.

Елімізде 10 миллион теңгенің дәрі-дәрмегі тіркелмегені анықталды. Заңды бұзу деректеріне тоқталайын. Өңірлік департаменттердің қарауында 65 әкімшілік іс жатыр. Қазіргі таңда 12 әкімшілік айыппұл салынды. Бұл бағытта жұмыс белсенді түрде жүргізіліп жатыр, - деді комитет төрағасы.
Бұған дейін Тимур Сұлтанғазиев дәрі бағасын шектен тыс көтерген азаматтар мен мекемелер қандай жауапкершілікке тартылатынын айтты.

Фото: дереккөз
Загрузка...