Елімізде бензин бағасы өзгеруі мүмкін

16 Қазан 2019, 23:33
2811
Бөлісу:
Елімізде бензин бағасы өзгеруі мүмкін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде бензин бағасы ресейлік жанармай бағасына жетіп қалуы мүмкін. Бұл туралы ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаев айтты.

"Меніңше, алдағы бір, бір жарым айда алаңдауға еш негіз жоқ. Бензин мен дизельдік отын нарығында қандай да бір қатты толқу жоқ. Жанар-жағармайдың бағасы реттелмейді, қазір барлығы сұраныс және ұсыныспен реттеледі. Бұл бір жағынан тұтынушы үшін жақсы. Себебі, бізде бензин мен дизельдік отын бағасы қымбат емес. Менің айтып отырғаным, баға көрші Ресей, Өзбекстан мен Қырғызстанға қарағанда біршама төмен", - деді Қанат Бозымбаев "Nur Otan" партиясы кулуарында берген сұхбатында.

Дегенмен, министрдің айтуынша, уақыт өте келе елімізде жанар-жағармай бағасы Ресейдегідей болады. Бозымбаев Қазақстан сондай жолдан өтуге мәжбүр болады дейді. Еліміздегі жанармай бағасы көршілермен кезең-кезеңмен теңеседі. Ведомство басшысының мәліметінше, қазір Қазақстан мен Ресей бензині бағасының айырмашылығы литріне 100 теңгені құрайды. Кез келген тыйым шекарадағы сыбайлас жемқорлыққа әкеледі. Сол себептен бағалар бірден емес, біртіндеп бір-бірімен теңесе бастайды.

Қазір елімізде АИ-92 бензинінің литрі 150-155 теңгені құрайды. Ал Мәскеуде осындай жанармай бағасы шамамен 230-260 теңгеге дейін жетеді екен.

Атап өтсек, бүгін энергетика министрі Қанат Бозымбаев "Nur Otan" партиясының республикалық қоғамдық қабылдауына қатысты. Министр бірқатар азаматтың арыз-шағымын тыңдап, оларды жеке бақылауына алды.

Өзгелердің жаңалығы