Елімізде балалар үйіне баратындар саны азайған

5 Сәуір 2019, 18:15
3194
Бөлісу:
Елімізде балалар үйіне баратындар саны азайған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елордада бала тәрбиесіндегі ата-аналар жауапкершілігі талқыланды. Дөңгелек үстел барысында Қазақстандағы бірқатар тиімді үкіметтік емес ұйымдар бірнеше жылдан бері бала тәрбиесіне қатысты мәселелермен кәсіби тұрғыда айналысып келе жатқаны айтылды.

«Аналар үйі» қоғамдық қорының директоры Бәлия Әкімбекова отбасылық құндылықтарды жандандыру, психологиялық реабилитация бойынша жұмыстарды жүргізу бойынша «Аналар үйі» ҚҚ-ның тәжірибесімен бөлісті.

Оның сөзінше, соңғы бес жылда Балалар үйіне түсетіндер санының 68%-ға азайғанын атап өтті.

«Аналар үйі» жобасының басты нәтижесі – 2013 жылдан бері перзентханада дүниеге келіп, ата-анасы бас тартқандықтан, Балалар үйіне түсетін балалардың саны 68%-ға азайды. Егер 2013 жылы бұл көрсеткіш 800 болса, қазіргі уақытта 310 болып отыр», - деді Балия Әкімбекова.

Қордың директоры мұндай көрсеткішке қол жеткізу еліміздегі үкіметтік емес ұйымдардың атқарып жатқан тиімді жұмыстарының нәтижесінде мүмкін болып отырғанын айтты.

«Ата-анасы бас тартқан балалардың саны азайып келе жатқанын байқадық. Әуелі жас аналарға отбасы болуға жетер бақыт жоқ екенін барынша насихаттағымыз келеді. Қордың негізгі міндеті – ата-аналардың туған баласын перзентханада тастап кету жағдайының алдын алу», - деп сөзін жалғастырды ол.

Балия Әкімбекова «Аналар үйі» Қоғамдық қоры жалпы қалай іс-әрекет ететінін баяндап берді.

«Дабыл түскеннен кейін біздің психологтар бірден сол анаға барып, жұмыс жүргізеді. Егер жас ана баласынан бәрібір бас тартатынын айтса, біз оларға «Аналар үйінде» тұрып, өз баласын аялап өсіруді ұсынамыз. Міне, дәл осы кезде ана ойлануы мүмкін. Ол баланы күнделікті күтіп-баққаннан соң оған бауыр басып, жауапкершілікті сезінетін болады», - деп түсіндірді Қор директоры.

Сонымен қатар, Балия Әкімбекова «Аналар үйіне» нақты қай санаттағы қыз-келіншектер келіп жататынына тоқталып өтті.

«Біз арнайы талдау жүргіздік. «Аналар үйіне» балалар үйінің бұрынғы тәрбиеленушілері, толық емес отбасында өскен, зорлық-зомбылыққа тап болған бойжеткендер келіп жатады», - деп сөзін түйіндеді спикер.

Өзгелердің жаңалығы