Бас жаңалықтар
Елімізде азық-түлікпен қамтамасыз ету бойынша ұлттық желі құрылады
28 Сәуiр 2020, 10:58 760

Елімізде азық-түлікпен қамтамасыз ету бойынша ұлттық желі құрылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ауыл шаруашылығы тауарларын сақтауға бағдарланған 5 көтерме-тарату орталығы салынады. Бұл туралы ҚР сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов мәлімдеді.

Министр осы ретте азық-түлікпен қамтамасыз ету проблемаларын шешу үшін ұлттық тауар өткізу желісін құруды ұсынды.
Елімізде 750 сауда базары бар. Базарлардың бір де бірі қазіргі заман талаптарына сай еместігін атап өту керек. Тауарларды жедел жүктеуге мүмкіндік беретін заманға сай жүк түсіру (қазір оны "кросс-док" деп атайды) және температуралық қоймалардың жеткіліксіздігі бағаға тікелей әсерін тигізеді. Әрине, базарда тауар ағынын бақылау бойынша ақпараттық жүйе де жоқ, - деді Бақыт Сұлтанов.

Оның айтуынша, бұл мәселе айтарлықтай қиындық туғызады. Оның үстіне қалалардағы карантин тәртібінің енгізілуіне байланысты туындаған дүрбелең осы мәселелерді тағы да айқындап берді деп отыр. 
Аталған проблемаларды жедел және жүйелі шешу үшін көтерме-тарату орталықтарының бірыңғай кешенін құрайтын ұлттық тауар өткізу желісін құру ұсынылады. Бұл экожүйе өндіруші мен тұтынушыны жақындататын экономикалық кешенді, сондай-ақ бірыңғай тетікті құрай отырып, республиканың сауда инфрақұрылымына қосылады. Көтерме-тарату орталықтарының қызметі өнімді сақтау мен қайта өңдеу, тарату мен өткізуге дейінгі мамандандырылған қызметтерді ұсынады, - дейді министр.

Бұл инфрақұрылым өнімді жеткізудің тиімді көлік-логистика бағыттарын құруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ЕАЭО, Орталық Азия және Қытайға экспорттық-импорттық операциялар жүзеге асырылады, өткізу нарығын кеңейтеді деп санайды.
Барлық өңірде көтерме-тарату орталықтарының желісін құру жоспарда бар. Тауар өткізу жүйесін 3 кезеңде жүзеге асыру ұсынылып отыр. Бірінші кезеңде ауыл шаруашылығы тауарларын сақтауға бағдарланған 5 көтерме-тарату орталығы Павлодар, Алматы және Түркістан облыстарында салынады. Келесі екі кезеңде республикалық бюджеттің шектеулі мүмкіндіктерін, сондай-ақ көтерме-тарату орталықтарының ауқымын ескере отырып, мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмін қолданады, - деді Сұлтанов.

Оның айтуынша, жоба құны 237,5 миллиард теңгені құрайды.
Объектілерді салуға отандық жобалау және құрылыс компаниялары тартылады. Біз әкімдіктермен алғашқы екі кезең үшін жер телімдерін бөлу мәселесін пысықтадық. Қалған 15 нысан бойынша қысқа мерзімде жұмыс жүргізіледі. Құрылыс жұмыстары карантин аяқталғаннан кейін басталады, - деді ведомство басшысы.
Еске сала кетейік, бұған дейін министр азық-түлік бағасының жоғары тұрақсыздығы байқалып отырғанын айтқан болатын. Үкімет басшысы Асқар Мамин де азық-түлікпен қамтамасыз етуде қолданыстағы жүйенің тиімсіз екенін айтты.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...