Елімізде қайырымды жандарға арналған конкурс басталды

19 Қыркүйек 2019, 23:30
1838
Бөлісу:
Елімізде қайырымды жандарға арналған конкурс басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елімізде осымен екінші жыл қатарынан «Қайырымдылық керуені» атты республикалық конкурс ұйымдастырылып келеді. Конкурсқа өтінімдер 2 қыркүйектен басталды, деп хабарлады Елорда Инфо.

Жиында сөз алған Іскер Әйелдер қауымдастығының басқарма мүшесі Сандуғаш Бекжігітова жұртшылықты конкурсқа қатысуға шақырды. Сол сияқты бұл жарысқа кімдердің қатыса алатынын түсіндіріп өтті.

«Қайырымдылық керуені» елімізде көпшілік біле бермейтін бүгінгі күннің батырларын жұртшылыққа танытады. Олардың жасаған қадамдары көпшілікті таң қалдырып қана қоймай, үлгі бола да біледі. Егер сіз қайырымдылыққа жиі баратын, өзгелерге жиі көмек көрсететін, қысылтаяң сәттерде адам сенгісіз батыл қадамдарға баратын жан болсаңыз, бұл жоба сізге арналған», - деді Сандуғаш Бекжігітова.

Республикалық конкурсты ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры, Қазақстанның Іскер Әйелдер қауымдастығы ұйымдастырып отыр. «Қайырымдылық керуенінің» жеңімпаздары бес номинация бойынша марапатталады: «Асар» (қайырымдылық қызметі халықтық салт-дәстүрлермен байланысты болуы керек), «Туған жер» (туған жерге, білім, экология және абаттандыру салаларында, мәдени нысандарды қалпына келтіру жұмысына көмектескендерге), «Батыл жүрек» (ерлік, қайсарлық танытқанқандарға), «Мейірім жолында» (өз қаржысымен жұртшылыққа көмектескендерге) және «Қайырымдылық тарихы» (қоғам назарын әлеуметтік мәселелерге назар аударатын мақалалар жарияланған БАҚ өкілдеріне немесе шығармашылық топтарға) атты бес номинация бойынша марапатталады.

Конкурсқа өтінімдер 2 қыркүйектен басталып, 29 қарашаға дейін жалғасады. Ал желтоқсан айында үздіктерді іріктеу жұмыстары жүргізіледі. Номинанттар 2020 жылғы ақпан айының соңында, яғни Алғыс айту күні қарсаңында марапатталады.

Былтыр «Қайырымдылық керуені» конкурсына 97 өтініш түсіпті. Ол кезде жеңімпаздарға түрлі сыйлықтармен қоса «Оқжетпес» сауықтыру орталығына жолдама берілген болатын.

 

 

Өзгелердің жаңалығы