Елімізде ауыл шаруашылығына қомақты инвестиция құйылуда

26 Қыркүйек 2020, 01:20
1661
Бөлісу:
Елімізде ауыл шаруашылығына қомақты инвестиция құйылуда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елімізде жеңілдетілген несие бойынша 21 млрд теңгеден астам қаржы жеміс бақтарын дамытуға бағытталды. «ҚазАгро» холдингінің «Аграрлық несие корпорациясы» қазір инвестициялық жобаларды қаржыландыруға ерекше назар аударып келеді. Бұл туралы «Хабар 24» арнасы хабарлады.

Әсіресе, Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында қаржыландыру тетігі ойдағыдай жүзеге асырылған. Себебі, бұл аймақтарда ауа райы қолайлы және кәсіпкерлері белсенді. Диқандар жеңілдетілген несие арқылы алма, жаңғақ, жүзім, тағы басқа да дәнекті, сүйекті жеміс дақылдарын өсіруді қолға алған. Сондай-ақ, мал шаруашылығын дамыту ісіне де көңіл бөлініп келеді. «Аграрлық несие корпорациясының» инвестициялық бағытының бірі – жеміс бақтарын қаржыланжыру. Мысалы, Түркістан облысындағы «Қазығұрт бақтары» ауыл шаруашылығы кооперативі 140 гектар аумаққа Грении Смит, Айдаред, Голден Делишес, Гала сынды алма сұрыптарын еккен. Жеңілдетілген несиеге қол жеткізген бағбан Ержан Мәдібеков әуелі көшеттер алып, бағын израильдік технология бойынша тамшылатып суару жүйесімен жабдықтаған. Құрал-жабдықтарды да несие арқылы алған. Биыл алма ағаштары алғашқы өнім берді.

Бұл жобаның жалпы құны – 1,6 млрд теңге. 10 жыл ішінде қайтаруға жоспарланған. Бау 7-8 жылда өзін-өзі ақтайды. Бізде жеңілдетілген несиемен қоса, мемлекеттен осы шыққан шығынның 25%-ын субсидиялайды. Әрине, мемлекеттің мұндай қолдауы үлкен көмек болды, - дейді кооператив басшысы Ержан Мәдібеков.

Сүт өндірісі де – маңызды сала. Соңғы 10 жылда «Аграрлық несие корпорациясы» 134 мың тонна сүт өндіретін 45 жобаға қолдау білдірген. Соның бірі – «Бөрте Милка» серіктестігі. Ол отандық нарыққа 4,3 тоннадан астам сүт шығарады. Мыңнан астам мал басын құраған ферма өзінің өнімін өзі өңдейді. Аграрлық несие корпорациясы арқылы алынған қаражатқа кәсіпкер малды байлап бағу жабдығын, Еуропада жасалған жемді тегістеу құрылғыларын сатып алған. Онда 80 адам жұмыспен қамтылған.

Аграрлық Несие корпорациясының» тиімділігі өте жақсы. Біріншіден, 4-6% арасында. Бұл – өте төмен пайыз. Екіншіден, компания несиені 10-12 жылға береді. Үшіншіден, сен оны ай сайын төлемейсің, қалаған уақытыңда келісуге байланысты, - дейді «Бөрте Милка» ЖШС бас директоры Нұралы Әбішев.

«Аграрлық несие корпорациясы» жаңа технологияның дамуына, бәсекеге қабілетті өнімнің нарыққа шығуына серпін береді. Ауыл шаруашылық саласының дамуына, жалпы отандық өндірістің қарқын алуына қолдау көрсетіп келеді.

Аграрлық несие корпорациясы» аграрлық секторды дамытуға көмектеседі. Биылғы бірінші жарты жылдықта 5 мыңнан астам фермер қаржыландырылды. Жалпы сомасы 140 миллиард теңгеден асады. Сонымен қатар, біз инвестициялық жобаларды дамытуға үлкен мән береміз, - дейді корпорацияның басқарма төрағасы Бағлан Құлтаев.

Бүгінде компания қоржынында жалпы құны 73 млрд теңге болатын 154 инвестициялық жоба бар екен. Мақсат – ауылшаруашылық саласындағы инвестиция мен азық-түлік өндірісін молайту.

Өзгелердің жаңалығы