Елімізде астықты термиялық өңдеуден өткізетін зертхана салынады

27 Желтоқсан 2020, 00:50
986
Бөлісу:
Елімізде астықты термиялық өңдеуден өткізетін зертхана салынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанда астықты термиялық өңдеуден өткізетін зертхана салынады. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлайды.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Қазақ егіншілік институты Швецияның ThermoSeed агроөнеркәсіптік компаниясымен бірлесіп, астықты термиялық өңдеу және тазарту зертханасын салу туралы келіссөздер жүргізуде.

Алдын ала белгілі болған мәлімет бойынша зауыт Ақмола немесе Қостанай облыстарының аумағында салынады.

Сонымен қатар, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері қалдықтарды қайта өңдейтін шведтік Rolunda Produkter компаниясымен келісіп, Қазақстанда тыңайтқыш және биогаз өндірісі үшін қалдықтарды қайта өңдейтін зауыт құрылысы туралы келіссөздер жүргізуде.

Қазақстан Республикасының Швециядағы Елшілігінің хабарлауынша, ағымдағы жылдың маусым айында қазақстандық кәсіпкер шведтің ауыл шаруашылық технологияларын ұсынды. Атап айтқанда, Energeco Group қоқыстардан, соның ішінде жануарлар мен құстардың қалдықтарынан алынған компосттан органикалық тыңайтқыштарды өндіру процесін ұсынды. Ал ThermoSeed компаниясы астықты тазарту процесін егжей-тегжейлі көрсетті.

Қазақстан Швеция үшін тауар экспорттаудың жолын ашады. Осы жылдың тамыз айында Arba Wine шараптарын алғаш рет (4500 бөтелке) шведдік монополист - Systembolaget арқылы мейрамханалар мен сатушыларға таратқан болатын. Желтоқсан айының басында KAZAKH INVEST «Қазақстан - Солтүстік Еуропа» атты іскер топтар қатысқан инвестициялық кездесу өткізген, оған Швециядан, Финляндиядан, Даниядан және Норвегиядан 200-ден астам компания қатысты, соның ішінде ThermoSeed Global AB кәсіпорны да  болған еді.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаровтың айтуынша, пандемияның кері әсеріне қарамастан, Қазақстан басқа елдермен тиімді ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін іздеуді жалғастыруда.

 


Өзгелердің жаңалығы