Елімізде әлеуметтік қызмет көрсету жүйесі жаңғыртылады

3 Желтоқсан 2020, 18:28
2254
Бөлісу:
Елімізде әлеуметтік қызмет көрсету жүйесі жаңғыртылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде Әлеуметтік жұмыстың басым бағыттары мәселелері жөніндегі ведомствоаралық кеңестің отырысы өтті.

Кеңесте Еңбек министрлігінің өкілдері бейнеконференцбайланыс режимінде ҚР-да әлеуметтік қызмет көрсетуді одан әрі жаңғыртудың 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарының жобасын, арнаулы әлеуметтік қызметтер саласын жан басына нормативтік қаржыландыруға көшу тәсілдерін, Әлеуметтік қамсыздандыру кодексінің «Әлеуметтік қызметкерлердің оң мәртебесі» бөлімін жұртшылыққа таныстырды.

Іс-шара ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукеновтің төрағалығымен ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин, жергілікті атқарушы органдар, еліміздің медициналық-әлеуметтік мекемелері, Әлеуметтік жұмыстың басым бағыттары мәселелері жөніндегі ведомствоаралық кеңес, экономикалық және сапалы жұмыспен қамту, әлеуметтік оңалту, әлеуметтік қызметтер жүйесін жетілдіру мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесі мен жұмыс тобы өкілдерінің қатысуымен өтті.

Онлайн-конференция барысында Аружан Саин қазір үлкен жүйелі өзгерістер болып жатқанын, олардың ұлттық жоспарда көрініс тапқан атап өтті.

Біз балалардың мүгедектігін азайту жөніндегі жол картасын – скринингтік диагностика сатысында қажетті медициналық және түзету-педагогикалық көмек алу үшін ҚР-да мүмкіндіктері шектеулі балаларға кешенді көмек көрсетуді жетілдіру жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған жол картасын қабылдадық. Бұл балалардың төлемдерге, техникалық оңалту құралдарына және әлеуметтік қызметтерге мұқтаж болуын төмендетуге ықпал етуге тиіс. Жол картасы 3 жылға есептелген, оны келесі жылдан іске асыра бастаймыз. Біз барлық мүдделі органдардың қолдауына үміттенеміз, өйткені бұл біздің ортақ ісіміз. Шешілуі қажет маңызды міндеттердің бірі - Әлеуметтік сала қызметкерлерінің мәртебесі мен жағдайы. Егер сіз кәсіби кадрларды тартпасаңыз, адамдарды өз жұмысына адал болуға ынталандырмасаңыз, жүйеде бірдеңені өзгерту қиынға соғады. Сондықтан мен әлеуметтік қызметкерлердің жалақысын көтеруді толықтай құптаймын және мұның мүмкіндігінше тезірек болғанын қалаймын, – деп атап өтті Аружан Саин.

Сондай-ақ, кеңес барысында Ұлттық жоспар жобасының таныстырылымымен Еңбекмині Әлеуметтік қызметтер саясатын дамыту департаментінің директоры Дәмежан Сәдуақасова сөз сөйледі.

Мемлекет басшысының өткен жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын орындау аясында «Отбасы және бала институтын қолдау, инклюзивті қоғам құру» бағыты белгіленгенін атап өткім келеді. Осы жұмыс шеңберінде бізде Әлеуметтік жұмыс мәселелері жөніндегі ведомствоаралық кеңес жұмыс істейді, Әлеуметтік жұмыс жөніндегі ұлттық ресурстық орталық құрылды, Әлеуметтік қызметтер порталы енгізілді және барлық өңірлерде отбасын қолдау орталықтары құрылды, – деді спикер.

Жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыруға көшуге қатысты Дәмежан Сәдуақасова мұндай модель балабақшаларда, мектептерде, емханаларда және т. б. іске асырылғандай «ақша клиенттің соңынан ереді» қағидатын іске асыруға мүмкіндік беретінін айтты.

Оның айтуынша, нәтижесінде еліміздің медициналық-әлеуметтік мекемелерінде бәсекелестік пайда болады, содан әлеуметтік қызметтердің жаңа түрлері енгізіледі. Бұдан басқа, мұндай тәсіл қолда бар материалдық-техникалық, кадрлық және қаржылық ресурстарды оңтайландыруға және әлеуметтік қызметтерді алушылардың, өнім берушілер мен мемлекеттің мүдделерін біріктіруге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Әлеуметтік қамсыздандыру кодексінің «Әлеуметтік қызметкерлердің оң мәртебесі» тарауының таныстырылымымен Еңбекмині Әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаментінің директоры Асқар Ниязов сөз сөйледі. Ол әлеуметтік қызметкер мәртебесін арттыру үшін мынадай шаралар қабылданатынын атап өтті: «әлеуметтік қызметкер» ұғымы айқындалып, мәртебесі заңнамалық түрде бекітілетін, тіркеу және аттестаттау арқылы әлеуметтік қызметкерлерді есепке алу жолға қойылатын, біліктілік санаттарын беруге қойылатын талаптар арттырылатын, кадрларды даярлау және үздіксіз білім беру деңгейі жетілдірілетін болады.

Айта кетейік, қазіргі уақытта елімізде әлеуметтік қызметкерлер тестілеуден өтуде. Ағымдағы жылдың 5 желтоқсанына дейін шамамен 12 мың адамды сынақтан өткізу жоспарлануда. Тестілеу әлеуметтік қызметкерлердің базалық білім деңгейін анықтау үшін өткізіледі, содан кейін оларды оқыту жүргізіледі. Бұл Қазақстан Республикасында әлеуметтік қызмет көрсетуді одан әрі жаңғыртудың 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарының жобасында қарастырылған.

Өзгелердің жаңалығы