Бас жаңалықтар
Елімізде 800 мыңнан аса адам зейнетақы жинақтарын басқарушы компанияларға бере алады
17 Ақпан 2021, 17:25 599

Елімізде 800 мыңнан аса адам зейнетақы жинақтарын басқарушы компанияларға бере алады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиева онлайн форматта өткен брифингте басқарушы компанияларға қойылатын талаптар туралы айтып берді.

Агенттіктің мәліметінше, осы жылы ақпаннан бастап агенттік зейнетақы жинақтарын жеке басқаруға беру мәселелерін регламенттейтін 10 қаулыны қабылдады.

Зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді басқаруға арналған лицензиясы бар, кемінде 3 млрд теңге мөлшеріндегі меншікті капиталы, соңғы үш жылда клиенттердің 5 млрд теңге мөлшеріндегі активтерін басқару тәжірибесі бар, сондай-ақ соңғы екі жыл ішінде шығынды қызмет фактілері жоқ компанияларға беруге болады, - деп түсіндірді Мария Хаджиева.

Ол атап өткендей, сапалық өлшемшарттардың ішінен соңғы 6 ай ішінде пруденциялық нормативтерді бұзу фактілерінің болмауын, орындалмаған қадағалау шараларының, санкциялардың болмауын, сондай-ақ басқарушыда ірі қатысушының болуын атап өтуге болады.  

Сонымен бірге портфельді инвестициялау және әртараптандыру тәуекелдерін барынша азайту көзделген. Реттеуші зейнетақы активтерін қаржы құралдарының бір шығарылымына инвестициялау лимиттерін белгіледі. Яғни облигациялар үшін зейнетақы активтерінің 50%-дан аспайды және акциялар үшін 10%-дан аспайды. Сондай-ақ бір ұйым және оның үлестес тұлғалары шығарған қаржы құралдарына 10%-дан аспайды, - деді төраға орынбасары брифингте.

Қазір агенттіктің инвестициялық портфельді басқаруға арналған лицензиясы бар 18 басқарушы компанияның 6-ы бекітілген талаптарға сәйкес келеді. Олар - «First Heartland Jysan Invest» АҚ, «BCC Invest»  АҚ - «Банк ЦентрКредит» АҚ-тың еншілес ұйымы», «Halyk Global Markets» АҚ («Қазақстан Халық Банкі» АҚ-тың ЕҰ),  «Halyk Finance» Қазақстан Халық Банкінің ЕҰ» АҚ, «First Heartland Capital» АҚ, «Сентрас Секьюритиз» АҚ.

Айта кетейік, басқарушы компаниялардың тізімі агенттіктің сайтында жарияланған. 

Басқарушы компанияларды бұл тізімге енгізу басқарушы компаниялардың зейнетақы активтерін басқару жөніндегі қызметтерді көрсететінін білдірмейді.

Шешімді компанияның өзі және оның акционерлері қабылдауға тиіс. 

Зейнетақы жинақтарын бұл компаниялардың басқаруына беру үшін олар сенімгерлік басқаруға және кастодиандық қызмет көрсетуге шарттар жасауы қажет.

БЖЗҚ өзінің интернет-сайтында өзі сенімгерлік басқаруға шарттар жасаған басқарушы компаниялардың тізімін жариялайды. 

Содан кейін салымшылар өз жинақтарын бұл компаниялардың басқаруына аударуға құқылы.

БЖЗҚ, зейнетақы активтерін басқару жөніндегі шарт тарабы ретінде басқарушылармен қарым-қатынастарда салымшылардың мүдделерін білдіретін болады. Инвестициялау стратегиясын басқарушы компанияның өзі айқындайтын болады, оған Қазақстан Республикасының және шет мемлекеттердің мемлекеттік бағалы қағаздары, қазақстандық, сондай-ақ шетелдік ұйымдар шығарған үлестік және борыштық мемлекеттік емес бағалы қағаздар, сондай-ақ Қазақстандағы екінші деңгейдегі банктеріндегі және бейрезидент-банктердегі салымдар кіретін болады, - деп айтты Мария Хаджиева.

Агенттік төрағасының орынбасары баяндағандай, салымшылар зейнетақы жинақтарын бір басқарушы компаниядан екіншісіне жылына бір рет беруіне болады. 

Ал оларды Ұлттық банктің басқаруына қайтаруына екі жылдан кейін болады.

БЖЗҚ деректеріне сәйкес, 2021 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтары бар 829 368 адам зейнетақы жинақтарының бір бөлігін БЖЗҚ-ға жеке басқарушы компанияларға сенімгерлік басқаруға беру құқығын пайдалана алады.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...