Елімізде 6 млн адамның баспана алуына несиесі кедергі

17 Қаңтар 2019, 14:08
4581
Бөлісу:
Елімізде 6 млн адамның баспана алуына несиесі кедергі

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстандықтар қолжетімді ипотека алмас бұрын банктердегі тұтынушылар кредитін қайтаруы тиіс. Бұл туралы ТҮҚЖБ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова мәлімдеді.

«Біз қолжетімді кредит алу жөнінде талдау жүргіздік. Біріншіден, ол адамда басқа кредит жүктемесі болмауы тиіс. Банкке ипотека алу мақсатында келмес бұрын барлық тұтынушылық несиелерді қайтаруы тиіс. Оның ішінде басқа банктердің кредиттік карталары бар. Халықтың күнкөрісі төмен бөлігінде тұтынушылар кредитінің болуы үлкен проблема болып отыр. Несие бюросының статистикасы бойынша 6 млн жуық адамда кепілдіксіз тұтынушылар кредиті бар. Ол әртүрлі «айфон», тұрмыстық техника және т.с.с. Олар әртүрлі ипотека бағдарламасына қатысуы үшін осы қарыздарын қайтаруы тиіс», - деді Ибрагимова.

Басқарма төрайымы ипотека алу үшін кірістерді есептеу механизмін түсіндірді. 

«Сіздің орташа кірісіңіз есептеледі. Ол отбасындағы әр адамға бөлініп, әрқайссының кірісі шығарылады. Содан кейін бұл ипотеканы қайтара аласыз ба, жоқ па соны қарайтын боламыз. Барлық банктің нормативі бойынша ипотеканы төлегеннен кейін кірісіңіздің 50 проценті өзіңізде қалуы тиіс. Себебі сіз күн көруіңіз керек, балаларды мектепке апарып, оларды киіндіріп, тамақтандыруыңыз керек. Біздің қызмет көрсететін категориямыз – алғаш рет баспаналы болатындар. Сол себепті басқа коммерциялық банктерге қарағанда ең төменгі шығындар сомасын аламыз», - деді ТҮҚЖБ төрайымы. 

Оның айтуынша, Қазақстанда туу көрсеткіші жоғары болғандықтан ипотекаға да сұраныс артып отыр. 

«Елімізде 420 мың бала дүниеге келеді. Ал әр баласабақ оқуы үшін, дамуы үшін жаңа бөлмесі болуы тиіс. Жақын жылдары құрылыс секторында өте көп мүмкіндік болады деп ойлаймыз», - деп айтты Ибрагимова. 

ТҮҚЖБ-да жыл сайын мемлекеттік сыйақы өсіп жатыр. 2018 жыл қорытындысы бойынша 300 мың салымшы мемлекеттік сыйақысын күтіп отыр. Ол 96 мың астам теңгені құрайды. Заң бойынша мемлекеттік сыйақы 200 АЕК көлемінде есептеледі. 2019 жылы қазақстандықтардың мемлекеттік сыйақысы 101 мың теңгені құрайды.

Назерке Абибулла

Өзгелердің жаңалығы