Елімізде 6 млн-ға жуық адам спортпен шұғылданады

24 Маусым 2020, 21:06
1314
Бөлісу:
Елімізде 6 млн-ға жуық адам спортпен шұғылданады

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Халықты бұқаралық дене шынықтыруға баулу тұрғысында елімізде спорт нысандарын салу жалғасып жатыр.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  2018 жылғы 5 қазандағы "Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру" атты Қазақстан халқына Жолдауында өңірлік деңгейдегі резервтерді тауып, бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыруды және кем дегенде 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды тапсырған болатын.

Соның аясында 100 дене шынықтыру кешенін салу жөніндегі жұмыс басталып, 2019 жылы 13 нысан пайдалануға берілген. 2020 жылдың соңына дейін тағы 48 спорт кешені пайдалануға берілмек.

Жақында ҚР  Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова халыққа есеп беру кездесуінде өткен жылы балалар мен жасөспірімдердің 11 жаңа спорт мектебі ашылғанын мәлімдеді. Жалпы республика аумағында 477 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді екен. Онда 350 мыңнан астам бала мен жасөспірім шұғылданады.

Одан бөлек, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін елімізде 15 спорт клубы ашылған. Нұр-Сұлтан қаласында параолимпиадалық жаттығу орталығы жұмыс істейді. Онда бір уақытта 500 адамға дейін жаттығу жасай алады.

Сондай-ақ, Дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту бойынша Кешенді жоспар қабылданған, онда алғаш рет спортшылардың Спорт этикасы енгізілген.

Қазіргі таңда елімізде спортпен шұғылданатын адамдардың саны 5,7 млн адамға жеткен, оның 544 мыңы балалар мен жасөспірімдер.

Өзгелердің жаңалығы