Еліміз бойынша төтенше жағдай жарияланды
6 Қаңтар, 10:33 3134

Еліміз бойынша төтенше жағдай жарияланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысының қаулысымен еліміздің барлық өңірінде төтенше жағдай жарияланды.

Мемлекет басшысы елімізде төтенше жағдай жариялау барысында әрбір өңірге жеке-жеке қаулы шығарды. Қаулы мәтіні бірдей болғандықтан, оқырманға түсінікті болу үшін бір ғана қаулыны ұсынып отырмыз.

Атырау облысы тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 16) тармақшасына, «Төтенше жағдай туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 4, 5, 6-баптарына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Азаматтардың маңызды және тікелей қауіпсіздігіне байланысты қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қалпына келтіру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында 2022 жылғы 5 қаңтардағы 20 сағат 30 минут пен 2022 жылғы 19 қаңтардағы 00 сағат 00 минут мерзімі кезеңінде Атырау облысының шекараларында төтенше жағдай енгізілсін.

2. Атырау облысында төтенше жағдайдың күшінде болуы кезеңінде 23 сағат 00 минуттан 7 сағат 00 минутқа дейін коменданттық сағат енгізілсін.

3. Төтенше жағдайдың кезеңінде Атырау облысының комендатурасы құрылып, оған «Төтенше жағдай туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен көзделген өкілеттіктер берілсін.

Атырау облысының коменданты болып Атырау облысы Полиция департаментінің бастығы Үмбетқалиев Қамза Бақтығалиұлы тағайындалсын.

4. Төтенше жағдайдың күшінде болуы кезеңінде мынадай шаралар мен уақытша шектеулер енгізілсін:

1) қоғамдық тәртіптің сақталуы, аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық объектілердің, сондай-ақ халықтың тыныс-тіршілігін және көлік қызметінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін объектілердің күзетілуі күшейтілсін;

2) Атырау облысында жүріп-тұру, оның ішінде көлік құралдары қозғалысының еркіндігіне шектеулер белгіленсін;

3) жеке тұлғалардың жеке басын куәландыратын құжаттарды тексеру, оларды жеке тексеру, олардың заттарын, көлік құралдарын тексеру қамтамасыз етілсін;

4) Атырау облысына кіру, сондай-ақ одан шығу шектелсін;

5) бейбіт жиналыстарды, ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге тыйым салынсын;

6) ереуілдерге және заңды тұлғалардың қызметін тоқтата тұрудың немесе тоқтатудың өзге де әдістеріне тыйым салынсын;

7) қару, оқ-дәрі, жарылғыш заттар, арнаулы құралдар, улы заттар сатуға тыйым салынсын, дәрі-дәрмектің, есірткі заттардың, психотроптық заттардың, прекурсорлардың, сондай-ақ этил спиртінің, алкоголь өнімдерінің айналымына ерекше режимі белгіленсін;

8) жеке тұлғалардан қару мен оқ-дәріні, улы заттарды уақытша алып қою, ал заңды тұлғалардан қаруға, оқ-дәріге және улы заттарға қоса әскери және жауынгерлік оқу техникасын, жарылғыш және радиоактивті заттарды уақытша алып қою қамтамасыз етілсін.

5. Төтенше жағдай режимі кезінде қолданылатын шаралардың іске асырылуына жауапты болып Атырау облысының комендатурасы, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі белгіленсін.

6. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры осы Жарлықта белгіленген шаралар мен уақытша шектеулерді іске асыру кезінде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етсін.

7. Қазақстан Республикасының Үкіметінің төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметі резервінен қажетті қаражатты бөлсін.

8. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

 

Қазақстан Республикасының

              Президенті                                                                       Қ.Тоқаев

Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2022 жылғы 5 қаңтар             

                    № 733


Фото: BAQ.KZ
Загрузка...