"Электрондық күту парағы" жолаушыға пайда болған бос орынды ұсынады

3 Желтоқсан 2019, 17:13
5256
Бөлісу:
"Электрондық күту парағы" жолаушыға пайда болған бос орынды ұсынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Биылдан бастап темір жол билетін "Электрондық күту парағы" арқылы сатып алуға болады. Сатып алатын бос орындар болмаған жағдайда, жолаушының "Күту парағы" тізіміне тіркелуге мүмкіндігі бар. 

Бос орындар пайда болған кезде жүйе кезектегі жолаушыға бос орынды ұсына алады. Бұл туралы "Жолаушылар тасымалы" компаниясының ресми өкілі Асылхан Қалдыкозов мәлімдеді. 

"Күту парағы" қызметі іске қосылған күннен, яғни 2019 жылдың 10 шілдесінен бастап осы уақытқа дейін жаппай тасымал кезінде қауырт жағдайда 85 мыңға жуық билет сатып алынған. Осы орайда атап айтарымыз, ТМД елдерінің темір жол көлігі саласында бұл қызмет алғаш рет Қазақстанда енгізіліп отыр, - деді бас директордың корпоративтік мәселелер жөніндегі орынбасары Асылхан Қалдыкозов.

Спикердің сөзіне сүйенсек, ТМД елдері арасында дәстүрлі бланктерді қолданбай электрондық-цифрлық билет сату түріне толық көшкен темір жол әкімшілігі – ол Қазақстанның темір жол әкімшілігі. 

Ол жолаушылардың жол жүру жағдайын жақсарту мақсатында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың барлық тобы үшін әлеуметтік маңызы бар қатынастағы пойыздарға – 50% жеңілдік енгізілгенін айтты.

Бұл норма әлеуметтік маңызы бар 57 пойызда, оның ішінде 6 "Тұлпар-Тальго" пойызында қолданылады. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар пойыздарға балама ретінде ұйымдастырылған коммерциялық 9 "Тұлпар-Тальго" пойызында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жол жүруіне арналған арнайы купедегі орынға, сондай-ақ оларды алып жүретін адамдарға 70% жеңілдік беріледі, - деп мәлімдеді бас директордың орынбасары. 

Оның айтуынша, қазіргі күні мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін интернет-сайттар, өзіне-өзі қызмет көрсету автоматтары арқылы билет сату рәсімін ұйымдастыру мәселесі пысықталуда.

Айта кетейік, бұл орайда мүдделі мемлекеттік органдармен, оның ішінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлескен жұмыс тобы құрылған.

Бұған дейін, елімізде билеттердің 80%-дан астамы электрондық түрде сатып алынғаны хабарланған болатын.

Өзгелердің жаңалығы