Бас жаңалықтар
Жамбыл облысында электрондық сауда 2 есе өскен
16 Маусым 2019, 09:35 309

Жамбыл облысында электрондық сауда 2 есе өскен

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысында 64 008 кәсіпкер тіркелген. Олардың 13106-сы кәсіпкерлік палатасы қызметіне жүгініп, «қарапайым заттар экономикасын» дамыту аясында әртүрлі қаржылық ұйымдар арқылы несие алып, жұмыс істеуде.

Палата өкілдері жергілікті билік, инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталықтарымен бірлесіп, кәсіпкерлер арасында сауалнама жүргізіпті. Сауалнамаға 7 838 кәсіпкер қатысып, олардың 196-сы түрлі қаржы институттарынан 672,1 миллион теңгеге несие алғанын айтқан.

Бұл жайында Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен кезекті баспасөз мәслихатында Жамбыл облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Айдар Әбдікадіров айтты.

«Бастау» жобасы кәсіпкерлерге зор мүмкіндік ашып отыр. Бұл жоба шағын және орта бизнес өкілдерінің кәсіпкерлік дағдыларын, ауыл шаруашылығы кооперативтерін қалыптастыру мен қатысушылардың бизнес жобаларын сүйемелдеуге бағытталған. Бағдарлама шарты бойынша оқығандардың 20 пайызы өз ісін ашуы тиіс», - деді баяндамашы.  

Палатаның кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы Жанел Ильясованың айтуынша, биыл жоба аясында 3 кезеңмен 1200 адамды оқыту жоспарланып отыр. Олардың әрбіріне 16 759 теңгеден стипендия тағайындалады. Бүгінде оқуын аяқтаған 905 тыңдаушының ішінен ұсынылған 66 жоба мақұлданып, оларға жалпы сомасы 235 миллион теңге несие беріліпті.

«Электрондық коммерция саласы әлемдік кеңістікте жылдам дамып келеді. Осы саланың көшбасшылары – Қытай, АҚШ, Жапония елдері. 2017 жылдың қорытындысы бойынша электрондық коммерцияның әлемдік нарығы 1,5  триллион долларды құрады. Ал бізде электрондық сауда нарығының көлемі өткен жылдың қорытындысы бойынша 1,5 есеге артып,  269 миллиард теңгеге жетті», - деді спикер.

Жанел Ильясова айтқан соңғы сан 2017 жылы 174 миллиард теңге болған. Бүгінде бөлшек сауда айналымының жалпы көлеміндегі электрондық сауда үлесі 2,9 пайызды құрайды екен.

Жамбыл облыстық кәсіпкерлік палатасының бөлімі басшысы электрондық саудадағы сатып алушылар саны 2 есе өскенін де жеткізді. Ал нарықта 1700-ден астам интернет-дүкен жұмыс істейді. Өңірдегі интернет арқылы көтерме сауда көлемі шамамен 289 миллион теңгені құрайды.

Айта кетейік, отандық тауар өндірушілерді жан-жақты қолдау – облыстық кәсіпкерлер палатасы қызметінің негізгі міндеті. Сондықтан да кәсіпкерлер палатасы «онлайн каталог» жүйесін енгізуді қолға алып отыр. Бұл кәсіпорын өнімдерін сатуға және келісім-шарт жасауға мүмкіндік береді.

Фото: ашық дереккөз

Сізден жаңалық