Елдос Сұлтанов: Хирургтің міндеті – науқасқа дер кезінде көмек көрсетіп, аяққа тұрғызу

22 Маусым 2020, 19:19
4871
Бөлісу:
Елдос Сұлтанов: Хирургтің міндеті – науқасқа дер кезінде көмек көрсетіп, аяққа тұрғызу
PHOTO
Фото: автордан

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Медицинаның өзі сан салаға бөлінеді. Соның ішінде хирургия ең күрделісі. Түркістан облыстық клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Елдос Сұлтанов қазіргі жас мамандардың хирургия саласына көптеп келе бермейтіндігін, одан гөрі бір бағытқа ыңғайланатын бейінді маман болуды таңдайтынын айтты. 23 жыл осы саланың қиын да күрделі жолынан сүрінбей келе жатқан жоғары санатты дәрігер-хирургпен кәсіби мереке қарсаңында сөйлескен болатынбыз.

Тілші: Елдос Едігеұлы, кәсіби мерекеңізбен құттықтаймын. Сұхбатымызды өзіңіз басқарып отырған бағыттан бастасақ. Жедел хирургия мен жоспарлы хирургияның айырмашылығы неде?

Елдос Сұлтанов: Айырмашылығы, жоспарлы операцияға науқасты алдын ала дайындап әкеледі. Науқас бүкіл анализін тапсырады. Мамандар оны көреді, әбден тексереді. Заң бойынша операция кезінде науқаста асқыну болмау керек. Ал жедел жәрдем науқасының қиындығы, ол бірден келгеннен кейін оның немен ауыратынын, қалай ауыратынын білмейсің. Себебі кейбіреулер ес-түссіз келеді. Сол науқастан операция кезінде түрлі патологияларды тауып жатамыз. Одан бөлек, жедел түскен науқастан хирургтерге қиын тиетіні, гепатиттің В, С, Д деген түрімен және ВИЧ-инфекциясымен ауырған ба, жоқ па, оны да біле алмаймыз. Мысалы, операция кезінде дәрігерлер қолдарын байқаусызда зақымдап алуы, ине кіріп кетуі мүмкін. Сол кезде науқастың қандай аурумен ауыратынын білмесеңіз, жұғады. Тарихта да, былай өмірде де дәрігерлер ота барысында цирроз, грипп т.б. жұқтырып ауырған жағдайлар болған. Жедел хирургияны, жоспарлы хирургия яғни бүкіл отаны жасап келеміз. Алайда, мен негізі жедел операцияны көп жасағанмын. Қиын болса да өзім осы бағыттағы хирургияға қарай ыңғайландым.

Тілші: Өміріңізде қанша рет операция жасадыңыз? Ерекше есіңізде қалған ауыр жағдайдағы операция болды ма?

Елдос Сұлтанов: Енді шыны керек, жасаған операцияларымды санамаппын. Мақтанбай-ақ қояйын, осыдан төрт-бес жыл бұрын санағанымда 5500-6000-дай болған. Қазір ірісі бар, майдасы бар, операция саны 10 мыңға барып қалған шығар. Дәл қазір есіме түсіп тұрған жоқ. 2018 жылы ауруханаға өте ауыр жағдайда келген шардаралық әйелге операция жасадық. Науқастың өзін де, кесарь тілігімен баласын да құтқарып қалдық. Жатырын алып тастадық. Баласын босанатын мерзімі таяп қалған, соқыр ішегі жарылып кетіпті. Іріңін тазаладық. Сол кісінің өзі де, баласы да аман қалды. Барлық БАҚ ол туралы жарыса жазды, телеарналарға шықты. Жалпы, мұндай жағдайлар көп. Жақында бауырындағы эхинококк құрт жарылып кеткен аяғы ауыр келіншек түсті. Оның да бауырындағы құртын алдық, баласын да аман алып қалдық. Қазір екеуінің де жағдайы жақсы. Айта берсем, осындай аяқ астынан түсетін аурулар көп. Бізде күнделікті операция жүріп жатады. Аптасына орта есеппен 6-7 кейде 10 операцияға дейін жасаймын. Өйткені бас дәрігердің орынбасары болғаннан кейін барлық қиын операцияларға кіруге, шешілмеген науқастарға баруға тура келеді. Бұдан бөлек, урология, онкология, гинекология бөлімінде де кейде қиын жағдай болған кезде кіріп жәрдем береміз. Себебі, қалайда науқасты құтқарудың жолын іздеу керек. Хирургия, оның ішінде бейінді мамандарға бөлінеді. Мысалы, қантамыр, гинекология, урология, ЛОР, кардиохиругрия болып кете береді. Жалпы хирургияда 23 жыл жүрмін. Отаның бәрі күрделі, мынаусы оңай деп айтуға болмайды. Хирургия басқа бөлімдерге қарағанда ауырлау болып келеді. Сол себепті, ұзақ жұмыс істегісі келмейді, шаршайды. Кейінгі келген жастар бейінді маман болуды таңдайды. Өйткені бір бағытта ғана жұмыс істейді. Ал жалпы хиругияда барлығына қарауың керек.

Тілші: Әйел адамнан хирург шыға ма?

Елдос Сұлтанов: Шығады. Біздің оңтүстікте кезінде Роща жақтағы ауруханада Алма Иманалиева деген мықты хирург болды, қазір зейнеткерлікте. Көп жыл, офтальмология, ЛОР, қантамыр хирургиясында жұмыс істеген әйел адамдар бар. Гинекологияда өзіңіз білесіз, 80 пайызы әйелдер. Былай қарағанда әйел кісілерді шеттетіп, кемсіткенім емес. Себебі, жұмыс оңай емес. Оған қоса, отбасы мен дүниеге бала әкелуді жұмыспен қатар алып жүру тіптен қиын.

Тілші: Жұмыс режиміңіз қандай?

Елдос Сұлтанов: Бізде режим жоқ. Жұмыстан кейде сағат алтыда немесе кешкі сағат онда қайтуым мүмкін. Түнгі сағат екіде келуім мүмкін. Бізде сенбі-жексенбі демалыс бола бермейді. Қай уақытта шақырады, сол уақытта келемін. Мысалы, телефоным тәулік бойы өшпейді. Шақырса, кез келген уақытта келуге мідеттімін. Сіз жаңа айтпақшы, жұмыстан шаршауын шаршаймын, бірақ мамандыққа қапа болатындай уақытым жоқ. Әрине, кейбір науқас өліп жатады. Хирургке ең қиыны да осы, науқасты столдың үстінде жоғалту. Ауыр тиеді. Менің өмірімде ондай болды. Жол апатына түскен науқастар, құрылыста құлағандар, атылғандар операция кезінде жүріп кетеді. Кезінде сол оқиғаларды көріп ауырдық та. Жүрегімізді бұзғанбыз. Бірақ қазір денсаулығымды қадағалаймын. Дегенмен, соның бәрі ауыр тиеді. Бізде психологтің көмегі жоқ. Шынын айтқанда, стреске түсіп, өмірден түңіле қойған жоқпын. Отбасы, бала-шағаны, достарды көреміз. Қалпымызға келеміз. Жылына 42 күн бір рет еңбек демалысын аламыз. Бірақ оның өзінде барлық уақытта толық демалуға мүмкін болмайды. Екі аптаға, он күнге бөліп аламыз. Көбіне жұмыс бабымен шақырып алады.

Тілші: Адамдар операцияға түскеннен кейін шынымен денсаулығы жақсарып кете ме?

Елдос Сұлтанов: Енді жалпы медицинаға уақтылы қаралса, денсаулығы жүз пайыз орнына келеді. Көп науқастар дәрігерге кеш қаралады, уақытында келмей, асқынған кезде келеді. Соған байланысты, операция жасалады. Жүз пайыз жазылады деп айта алмаймын, ең болмағанда сол науқастарды өмірге қайтаруға тырысамыз.

Тілші: Хирург мамандар жеткілікті ме?

Елдос Сұлтанов: Бізде хирург мамандар жеткілікті. Болон системасы бойынша 2014-2015 жылдан бастап хирургияға, яғни облыстық ауруханаға келу үшін үш жылдық резидентура оқу керек. Соған байланысты сәл маман тапшылығы бар. Оған қоса, жұмыстың ауырлығына байланысты кейінгі келген жас мамандар хирургия саласын таңдай бермейді. Сол жағынан сәл тапшылық болуы мүмкін. Көбі "узкий профиль" дейді ғой, арнайы бағыт алады да сонымен істегісі келеді.

Тілші: Жалпы, сіз жұмыс істеп отырған облыстық клиникалық ауруханада неше дәрігер бар?

Елдос Сұлтанов: Жалпы бізде қызметкер саны 2000-дай. Оның ішінде 400-дей дәрігер бар. Облыстағы ең үлкен 900 орындық аурухана ғой. Мұндай үлкен аурухана Қазақстан ішінде кемде кем. Мысалы, Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласындағы ең үлкен аурухананың өзі 400-500 орындық. Шымкент қаласындағы көз емдейтін, қаладағы қант диабеті, тері, онкология ауруханалары бізге қарайды. Ауруханада барлық құрал-жабдықты кезең-кезеңмен алып тұрамыз. Техника болған соң уақыты келгенде тозады, бірақ уақытымен ауыстырылып жатыр. Керек-жарақты, айталық хирурия саласына не керек, бүкіл тапсырысты бас дәрігерге жазып береміз.

Тілші: Түркістан облысы өз алдына бөлек шыққалы биыл екі жыл болды. Аурухананың ғимараты орталық Түркістанға көшірілуі мүмкін бе?

Елдос Сұлтанов: Жоқ, Түркістан қаласына көшпейміз. Ол жақтан көпсалалы 650 орындық аурухана салынады деп жобасы сызылған. Оны қаншалықты бекіткен, бекітпегенін білмеймін. Ал бұл аурухана осында қалады. Себебі, оңтүстік бағыттағы науқастардың ол жаққа жетуі қиын. Түркістанға баруы үшін Шымкентке келіп, ары қарай тағы 500 км жол жүруі керек. Мысалы, Алматы облысында екі аурухана бар. Біреуі Алматының ішінде, біреуі Талдықорғанда. Ақмола облысында да сондай. Біреуі Нұр-Сұлтан қаласында, біреуі Көкшетау қаласында. Сондықтан бізде де үшінші мегаполис болғандықтан екі аурухана қалатын шығар. Ары кетсе, кереует санын азайтуы мүмкін.

Тілші: Шымкент қаласының қарамағына өтпейсіздер ме?

Елдос Сұлтанов: Әзірге ондай әңгіме жоқ. Психоневрологиялық диспансер,туберкулез диспансері, балалар ауруханасы бәрі Түркістан облысына қарайды.

Тілші: Хирург болу үшін қандай машықты меңгеру керек?

Елдос Сұлтанов: Хирург орысша айтқанда "призвание" дейді ғой, хирургия барлығын жасаймын, дүние табамын деген тірлік емес, бұл менің таңдаған өмірлік бағытым. Хирург болу үшін ең алдымен аз уақытта жылдам шешім қабылдай алуың керек. Ең керекті қасиет - науқасқа көмек көрсету, уақытында сол көмекті ұйымдастыру, емдеп, отасын жасап, аяққа тұрғызып шығару. Былай, үйде бөлекпіз, жұмыста сәл қаталдау боламыз. Ол жұмыстың бағытына байланысты.

IMG_1389.jpg

Тілші: Youtube-тан емші Кенжебай деген кісінің адамдарға "мүмкіндігінше пышаққа түспеңдер" деген сипатта насихат айтып жатқанын естідім. Бұған қалай қарайсыз, не айтар едіңіз?

Елдос Сұлтанов: Емшілерге қарсы ештеңем жоқ. Әркім өзінің қолынан келген жұмысын жасау керек. Емшінің де емдейтін науқастары бар шығар, оған таласым жоқ. Бірақ жедел хирургиялық ауруды уақытында көмек беріп, ота жасамасаң, науқас өмірден өтіп кетуі мүмкін. Сондықтан, отаны біз де бір еріккеннен жасамаймыз. Медицина кеше, бүгін пайда болған жоқ. Бірнеше ғасыр бұрын Авиценна кезінен келе жатыр. Медицина даму үшін қанша тірліктер жасалды. Наркозды қалай беру керек, оталар түрлері, әлі де жаңа түрлері ашылып жатыр. Себебі, медицина бір орнында тұрмайды. Емшілердің құлақтарына алтын сырға, жақсы емші науқастың жағдайы нашарлап тұрса, өздері-ақ "тез дәрігерге барыңыз" деп жібереді. Өйткені, олар өзінің шамасын біледі. Шөппен емдейтін шығар. Олар көбіне неврологиялық ауруларды емдейді.

Тілші: Жедел ота түрін жасаймын дедіңіз? Сонда науқастар көбіне қандай жарақатпен келіп жатады?

Елдос Сұлтанов: Қазір енді қалай дейміз, дамуға байланысты ғой. Автотранспорт, техника, құрылысқа байланысты құлау, сүрініп қалу. Одан бөлек, халық арасында қант диабетімен ауыратын науқастар көп. Асқынған түрлері жиі кездеседі. Өттегі тас, бүйректегі тас, соқырішек, гинекологиялық аурулар жиі кездеседі. Облыстағы ең бірінші шептегі аурухана болғаннан кейін көбі бізге келуге, тексерілуге тырысады. Біздің аурухананың мамандары жақсы болғандықтан осында операция жасатуға ұмтылады. Құрал-жабдықтар жеткіліктікті. Ол да болса, біздің аурухананың беделі шығар. Бізге 3000-дай мемқызметкер тіркелген. Ал былайша мұнда көбіне аудандардан науқастар жоспарлы, шұғыл түрде келіп жатады. Қала науқастарын да жарақат алып қалса осында алып келеді.

Тілші: Өзіңіз тәрбиелеп шығарған хирург жастар бар ма?

Елдос Сұлтанов: Тәрбиелеп өсірген шәкірттерім көп. Қарамағымда 7-8 хирург бар. Үлкен деңгейге шықпаса да қала ішінде атағы шыққан дәрігерлер. Алды бүгінде Мырзакент ауданы орталық ауруханасының бас дәрігері болған Берік Есімханов, онкохирургия меңгерушісі Марат Төлегенов, жарақат бөлімінің меңгерушісі Бекзат Наушабеков медицина күнінде ең үздік дәрігер деп танылды.

Тілші: Балаларыңыз жолыңызды қуды ма?

Елдос Сұлтанов: Жоқ, балаларым жолымды қумады. Жастайынан әкелерін көп көрмейді. Жұмысымның ауыртпалығын көрді ме, үшеуі де басқа саланы таңдады. Жолдасым медицина қызметкері, бірге оқығанбыз. Қазір Медицина колледжінде оқу бөлімінің меңгерушісі. Көп жыл гинеколог болып істеген. Кейін бала-шаға өскен соң ұстаздық бағытқа кетіп қалды. Бір отбасында екі дәрігердің болуы отбасымыздың берік, көп түсіністік болуына ықпал етті. Жұмыста кейде қайта алмай қаламыз. Бәрі сол жұбайымның арқасында.

Тілші: Біздің облыстың медицинасына көңіліңіз тола ма?

Елдос Сұлтанов: Облыстың медицинасына көңілім толмайды деп айтуға болмайды. Өйткені, Қазақстан бойынша халық саны көп, 3 млн тұрғын бар. Оның бәріне көмек көрсету оңай емес. Сондықтан біздің облыста басқа өңірге қарағанда халық та, жасалатын операция да көп. Соған орай тәжірибеміз де көп. Облыстағы медицина деңгейін жоғары деп бағалаймын.

Тілші: Өзіңіз құрметтейтін дәрігерлер?

Елдос Сұлтанов: Академик Дербісәлі Сексенбаев деген кісінің тәрбиесін көрдім. Кеше өмірден өтіп кеткен Мұқан Егізбаевтың қолында бөлім меңгерушісі, осы аурухананың басшысы болған, қазіргі Түркістан облысы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимовтың қолында орынбасар болдым. Аурухананың қазіргі басшысы, беделді хирург Сәкен Арыстанұлы, 1998 жылдары Жұмағұловтың, марқұм Мәди Бигалиевтің қолында, жалпы хирургияда біраз кісілермен әріптес болып, жұмыс істегенімді мақтан тұтамын.

IMG_1396.jpg

Тілші: Адамдар денсаулығын пышаққа дейін түспес үшін хирург ретінде қандай кеңес берер едіңіз?

Елдос Сұлтанов: Жедел хирургиялық ауруларға келсек, оның қатысы жоқ. Атап айтқанда, соқыр ішек, ішектің түйілуі т.б. Ең бірінші адам денсаулығына қарауы керек. Бізде халықта артық салмақ көп. Оның салдары көп нәрсеге алып келеді. Ең бірінші артериялық гипертонияға, қант диабетіне, асқазан мен өңеш ауруларына алып келеді. Сондықтан адам өз денсаулығын күтіп, салмағын асырмай, спортпен айналысып, өзінің тұлғасына қарап жүрсе, ауырмайды. Семіздік АҚШ-та емес Қазақстанда проблема болып тұр. Кейінгі шыққан фастфуд тамақтар әсер етуде. Жастар арасында семіздік көп. Қазір асқазанды кішірейту, ішектің жолын қысқарту сияқты операциялар шықты. Ондай операция бізде де істелініп жатыр. Ешқандай кеспейді, лазерлі лапароскопиялық жолмен жасалады. Ол зиян емес. Артық салмақтың салдарынан қайтыс болғанша, осы операцияны жасатқан дұрыс. Артық салмақ инфаркт, инсультке әкеледі. Ал операция жасатса, адамның өмір жасы ұзарып, өмірге деген құлшынысы қайтадан пайда болады. Қазір адамдар кеңседе көп отыратын жұмыс істейді. Аз қозғалады. Меніңше, кеш болсын, таңертең болсын уақыт тауып жаяу жүрген дұрыс. Бассейнге барып жүзгеніңіз, велосипед тепкеніңіз дұрыс. Аз ішсеңіз де сапалы тамақ ішіп-жеген дұрыс. Мысалы, академик Төрегелді Шарманов жасы 90-ға келіп қалды. Сол кісі ішетінім қымыз, жейтінім жылқы еті дейді. Жылқы етінде холестерин аз. Түптеп келгенде, өзіміздің бабалар жолына келгеніміз дұрыс қой. Ал өз денсаулығыма қарауға шыны керек, уақыт тапшы. Карантинге дейін аптасына екі рет бассейнге баратынмын. Үйде мүмкіндігінше, көп уақыт жаяу жүремін. Фитнес залына ашығын айту керек, уақытым жетпейді. Мерекеде әріптестеріме зор денсаулық, еңбекте табыс, отбасыларына амандық тілеймін. Барша ақ халаттылар өз ісін адал жалғастыра берсін!

Тілші: Әңгімеңізге рахмет! Ісіңізге сәттілік тілеймін!
Өзгелердің жаңалығы