Елдегі тұтынушылар құқығын қорғайтын ұйымдардың қаржылық-экспорттық әлеуеті төмен

23 Қараша 2021, 10:49
835
Бөлісу:
Елдегі тұтынушылар құқығын қорғайтын ұйымдардың қаржылық-экспорттық әлеуеті төмен

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов хабарлады. 

Оның айтуынша, палата Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп тиісті жұмыстар атқаруда.

Өткен жолғы Үкімет отырысындағы тапсырмадан соң жүйелі сауда орталығында жалпы тұтынушылардың құқығын қорғауға қатысты шаралар атқарылуда. Осы тұрғыдан айтатын болсақ, негізі электрондық коммерция мен электрондық сауда көп қолданыста болып отыр. Осы саланы біз министрлікпен бірге келісіп, іскерлік тәжірибе бойынша ұсынымдар дайындадық. Онда нақты бизнесті адал жүргізудің, тұтынушылардың құқығын қорғаудың толық нормалары көзделген. Сондықтан бұл алдағы уақытта да пайдаланылады деп сенеміз, - деп атап өтті Абылай Мырзахметов.

Сонымен қатар ол сала бойынша омбудсмен институтын енгізуге қатысты өз пікірін білдірді.

Осы саладағы омбудсмен институтын енгізуді қолдаймыз. Бізде 66 тұтынушылардың құқығын қорғайтын ұйым бар. Олардың қазіргі қаржы-экспорттық әлеуеті төмен. Сондықтан бірігіп бірыңғай жалпыұлттық коммерциялық емес ұйым құруды қолдаймыз. Ондай ұйым құрылса, тұтынушылар мен адал бизнестің арасында теңдікті, яғни теңгерімді сақтауға мүмкіндік туындайды, - деді кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы.
Өзгелердің жаңалығы