Елдегі киім-кешектің 82% импорттық тауарлар – «Атамекен» ҰКП

18 Наурыз 2019, 15:24
3281
Бөлісу:
Елдегі киім-кешектің 82% импорттық тауарлар – «Атамекен» ҰКП

Астана, BAQ.KZ. Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов мәлімдеді. 

«Бұл тапсырма Мемлекет басшысының бағдарламасы болып табылады. Өзіміздің елде қарапайым тауарларды өндіру үшін 600 млрд теңге қарастырылып отыр. Соның бірі – жеңіл өнеркәсіп. Яғни, күнделікті киетін киімдеріміз, төсек жабдықтары, балалардың аяқ киімі дегендей. Өкінішке қарай, біздегі жеңіл өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындардың басым бөлігі арнайы киім-кешек дайындауға бағытталған. Яғни, қорғаныс, ішкі істер салаларының, түрлі зауыт пен медициналық мекеме қызметкерлерінің арнайы киім жабдықтары», - деді Мырзахметов. 

Басқарма басшысының айтуынша, отандық тауар өндірушілерді шикізатпен қамтамасыз ету шаралары да қарастырылуда. 

«Ал дайындалып жатқан бағдарлама бойынша мемлекеттік тапсырыспен емес, халық тұтынуына арналған негізгі тауарлар шығарылатын болады. Бізге келетін киім-кешектің 82%-ы импорт болып табылады. Сондықтан, жан-жақты салалық жол картасы бар. Біз жоғарыда аталған мәселелердің барлығын сараптап шықтық, кәсіпорындардың пікірін тыңдадық. Анықталғаны, бізде шикізаттың жоқтығы негізгі қиыншылық болып отыр. Шикізатты шетелден алып келгеннен кейін, біздің кәсіпорындар дайындаған тауарлар Ресей, Қытай, Түркия секілді елдерден келетін импорттық тауарлардан қымбаттырақ болып отыр. Сол себепті, мұның барлығы сарапталды. Нәтижесінде, шикізатты өзімізде шығару және оған қолдау көрсету бойынша жол картасы әзірленді. Екіншісі – жеңілдікті қаражат ұсынылады. Оның үстіне, қазір біз үкіметтің қолдауымен теріні өзімізде өңдеуге барлық жағдайды жасадық. Кадрларды дайындау және мамандандыру мәселесі де жол картасында қарастырылған. Сол себепті, бұл бағдарлама алдымыздағы 3-4 жылдың ішінде елдегі импортты төмендетіп, халық тұтынатын тауардың кемінде 50%-ын өзімізде өндіруге бағытталған», - деді Атамекен басшысы. 

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшысы атап өткендей, бүгінгі таңда қытайлық тауарларға отандық тауарлар бәсекелес болуға қауқарсыз. 

«Қазір біз Алматыдағы қытайлық тауарларды саудаға шығаратын базарларды аралап, не себепті біздің өнім Қытай тауарларына бәсекелес бола алмай отырғанына талдау жүргізіп жатырмыз. Бірінші себеп – Қытайдан келетін тауардың басым бөлігі салықтан жалтарып, контрафактілік жолмен елге келетін дүниелер. Бұл бойынша Елбасы нақты тапсырма беріп, салық төлету арқылы бағалар бәсекелестігіне қол жеткізу керек. Қазіргі уақытта, біздің 20 өндіруші базарлардағы сауда нысандарымен келісіп, дәл сондай тауармен қамтамасыз етуге келісіп отыр», - деді Мырзахметов. 

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысының «қарапайым заттар экономикасын» дамыту, өңделген өнімдерді экспортқа шығару, ішкі нарықты отандық тауарлармен толтыру тапсырмалары 2018 жылдың желтоқсанында Үкімет қабылдаған Индустрияландырудың үшінші бағдарламасының тұжырымдамасында ескерілген. Елбасының аталған тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында отандық кәсіпорындарға 600 млрд теңге көлеміндегі қолжетімді кредиттің айрықша шарттары мен тетіктері айқындалған. Оның 400 млрд теңгесі өңдеу өнеркәсібіне жұмсалатын болады. Аталған шаралар халық күнделікті тұтынатын 250-ге жуық тауарды өндіруге және көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Аталған тауарлардың қатарында костюм, көйлек, төсек жабдықтары, шұлық, аяқ киім, кілем, үстел, орындық сынды тауарлар бар.
 
Ақмарал Шағатай 


Өзгелердің жаңалығы