Бас жаңалықтар
Елдегі инвестициялық ахуал одан ары жақсартылады – Мамин
24 Сәуiр 2019, 13:28 166

Елдегі инвестициялық ахуал одан ары жақсартылады – Мамин

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин АҚШ, Ұлыбритания, Канада және ЕО дипмиссиялары басшыларымен кездесу барысында хабарлады.

Рrimeminister.kz сайты хабарлағандай, ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Америка сауда палатасының Атқарушы директоры Дорис Брэдбюримен, Ұлыбритания елшісі Майкл Гиффордпен, Канада елшісі Николас Бруссомен, Еуропалық одақ елшісі Свен-Олов Карлссонмен, ҚР-дағы АҚШ істері жөніндегі уақытша сенімді өкілі Теодор Лингпен кездесу өткізді.

Кездесу барысында инвестициялық ынтымақтастықты және ҚР Үкіметінің инвесторларды қолдау экожүйесін дамыту жөніндегі жаңа тәсілдері аясында өзара іс-қимылды одан әрі арттыру мәселелері талқыланды. 

ҚР Премьер-министрі А. Мамин экономика дамуының, сауда және инвестициялар өсімінің оң қарқынын атап өтті. 2018 жылы Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялардың түсімі 15,8% өсіп, $24 млрд құрады. Өткен жылы Қазақстанның сыртқы сауда көлемі 20% өсті.

«Қазақстан Үкіметінің инвестицияларды тартуға аса қолайлы жағдайлар жасауға әрі инвесторлардың құқықтарын қорғауды күшейтуге ерекше көңіл бөлуі және ҚР Премьер-министрінің оған тікелей қатысуы – инвесторлар үшін өте жақсы белгі», — деді Америка сауда палатасының Атқарушы директоры Д. Брэдбюри.

Инвестициялық ынтымақтастық әлеуетін атап өте отырып, дипломатиялық миссиялардың басшылары Қазақстанда жүргізіліп жатқан инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі жұмыстарды қолдайтындарын және тығыз ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға мүдделі екендерін білдірді. Олардың пікірінше, инвестициялық жобаларды іске асырумен байланысты барлық мәселелерді ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен Үйлестіру кеңесі деңгейінде тікелей әрі еркін талқылау мүмкіндігі — инвесторлар тарапынан сенімнің артуының маңызды факторы.

Өз кезегінде ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары – қаржы министрі Ә. Смайылов, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қ. Келімбетов шетелдік инвестицияларды белсенді түрде тартудың жаңа тәсілдеріне тоқталып өтті. Инвесторлармен белсенді жұмыс жүргізудің аймақтық хабына айналатын АХҚО сәтті жұмыс істеп тұр. Оның аумағында қолайлы жұмыс істеуге және инвестициялық жобаларды іске асыруға барлық қажетті жағдайлар жасалған. Бұл ағылшын құқығы қағидаларына негізделген ТМД кеңістігіндегі алғашқы, бірегей құқықтық режим, тәуелсіз сот және арбитраж орталығы.

Кездесуді қорытындылай келе, ҚР Премьер-министрі А. Мамин инвестициялық ахуалды одан әрі жақсартып, шетелдік инвесторларға және Қазақстанда бизнес жүргізуге қолайлы жағдайлар жасауға барлық күш-жігердің жұмылдырылатынын айтты.

«Біз өзара іс-қимылымызды жандандыруға мүдделіміз. Инвестициялар тарту жөніндегі жаңа күшейтілген шаралар инвестициялық ынтымақтастыққа елеулі қарқын береріне сенеміз», — деді А. Мамин.  


Сізден жаңалық