Бас жаңалықтар
Елбасының «Ел Үміті» бастамасы сәтті жүзеге асуда
17 Қараша 2020, 22:08 167

Елбасының «Ел Үміті» бастамасы сәтті жүзеге асуда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елбасы Академиясының Қамқоршылар кеңесінің отырысы өтті, онда 2020 жылы «Ел Үміті» бастамасын іске асырудың нәтижелері қаралды.

2019 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев еліміздің дарынды жастарын анықтау және қолдау бойынша «Ел Үміті» бастамасын ұсынды. «Ел Үміті» бастамасын іске асыруды басқару жөніндегі жауапты ұйым болып 2019 жылдың қыркүйегінде Нұрсұлтан Назарбаев Қоры жанында құрылған «Елбасы Академиясы» корпоративтік қоры белгіленді.

Онлайн форматта өткен Елбасы Академиясының Қамқоршылар кеңесінің отырысын Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы, Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Әсет Исекешев ашты. Ол өз сөзінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ел Үміті» бастамасы өткен жылдың қараша айынан бастап жүзеге асырылып келе жатқанын атап өтті.

Пандемияға қарамастан, барлық жобалар сәтті жүзеге асырылуда және жастар арасында өзектілігін дәлелдеді. Бастамаға енгізілген жобалар - «Мың бала», «Елбасы медалі», өзгерістерді басқару жөніндегі салалық менеджерлерді даярлау бағдарламасы және басқа жобалар маңыздылығын дәлелдеп, ел Үкіметі тарапынан жоғары бағаланған болатын. Жалпы жобалар аясында 350 мыңнан астам қатысушы қамтылды, - деді Ә.Исекешев.

Кеңес отырысына Сингапурдың экономикалық даму және инновациялық менеджмент компаниясының (EDIS) төрағасы Филип Йео, Қазақстан Республикасының білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова, Назарбаев Университетінің Жоғары мемлекеттік саясат мектебінің деканы Вэнг Тат Хуэй, Қазақ мемлекеттік заң университетінің ректоры Талғат Нәрікбаев, BTS Digital білім беру орталығының жетекшісі Саясат Нұрбек, «Назарбаев Қоры» ДББҰ-ның бас сарапшысы Назипа Аюбаева және «Bilim Foundation» қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы қатысты.

Онлайн-кездесу барысында Елбасы Академиясының директоры Фархад Қуанғанов Қамқоршылар кеңесі мүшелеріне жобаларды іске асырудың аралық нәтижелерімен таныстырып, 2021 жылға арналған жоспарлармен бөлісті.

Жобаларға деген қызығушылық сандық көрсеткіштермен расталады - сарапшылар, ата-аналар, мұғалімдер және жұмыс істейтін жастар арасында Нұрсұлтан Назарбаев қорының «Ел Үміті» білім беру порталы бойынша жалпы қамту 1,5 миллион адамды қамтыса, жобалар бойынша ақпарат көрсетілімі 3 миллионға жетті, - деді Ф.Қуанғанов өз баяндамасында.

Жиында сондай-ақ  «Ел Үміті» бастамасының түрлі бағыттағы жоба үйлестірушілері де өз жұмыстары туралы жан-жақты хабардар етті.

Ауыл оқушыларына арналған «Мың бала» Ұлттық олимпиада жобасының үйлестірушісі Жазира Асанова жобаға биыл  4 мыңнан астам ауылдық мектеп, 295 мың оқушы, 600 мың мұғалім мен ата-ананың қамтылғанын атап өтті. Олимпиада нәтижесінде 1000 жеңімпаз іріктелді, бүгінгі таңда аталған жеңімпаздар мен олимпиада үздіктері дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерде және Елбасы Академиясы жанындағы  «Birge oqý» онлайн мектебінде оқуын жалғастырып жатқанын тілге тиек етті. Сондай-ақ, оқуға түскен балалар арасында білімде алшақтық бар екенін, алайда балалар барын салып, тоқсанды «жақсы» және «үздік» деңгейінде аяқтағанын атап өтті.

Келесі жоба «Елбасы медалі» кең ауқымды челленджі. Бүгінгі таңда бағдарлама 14 пен 29 жас аралығындағы 11 мыңнан астам жасты қамтып отыр. «Елбасы медалі» — жастарға қосымша білім мен тәрбие берудің ең қолжетімді бағдарламасы. Келесі жылы 20 мың қатысушыны қамту көзделген.

Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев қоры Қазақстан Республикасының Үкіметімен бірлесіп жүзеге асырып жатқан өзгерістерді басқару жөніндегі салалық менеджерлерді даярлау бағдарламасы аяқталуға жақын. Жоба аясында 3 мың үміткердің арасынан 230 білікті маман іріктеліп, қазіргі таңда олар еліміздің экономикасының дамуына әсер ететін 11 негізгі сала бойынша өзгерістер мен жаңашылдық әзірлейтін 37 топ құрылды. Қазіргі уақытта 10 салалық топ ҚР Премьер-Министрі бастаған басқару комитетіне өз ұсыныстарын тапсырды, қалған топтар жыл соңына дейін өз ұсыныстарын тиісті органдарға жеткізетін болады.

Сонымен қатар, қашықтан оқыту саласын қамтитын жобалар бойынша үйлестірушілердің есептері тыңдалды – "Birge oqý" онлайн мектебі және Цифрлық Академия, дарынды оқушылардың қабілеттерін анықтау және қолдау бойынша "Qabilet" қызметі, халықаралық олимпиада жүлдегерлерін көтермелеу бойынша "El maqtanyshy" сыйлығы.

Локдаун кезеңінде "Birge oqý" онлайн мектебі мен цифрлық Академия жобалары ел мектептерін қашықтан оқытуға көшуде маңызды рөл атқарғанын атап өткен жөн.  10 мыңға жуық педагог қатысқан семинарлар мен тренингтердің арқасында онлайн-оқыту алдындағы психологиялық кедергілер жойылды, 3 мың мұғалім Цифрлық ментор курсын сәтті аяқтап,  сертификаттарын алды.

Шара соңында Әсет Исекешев Қамқоршылық кеңес мүшелеріне ризашылығын білдіріп, жобаларды жүзеге асыруда өзара іс-қимылды жалғастыруға тілек білдірді: "қиындықтарға, оның ішінде эпидемиологиялық қиындықтарға қарамастан, Елбасы Академиясы қысқа мерзім ішінде ауыл оқушыларына қолдау көрсетуге және қазақстандық жастар арасында таланттарды анықтау жүйесіне өз үлесін қосты" деп атап өтті ол.



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...