Елбасының халықаралық бастамалары

6 Шілде 2020, 09:35
5244
Бөлісу:
Елбасының халықаралық бастамалары

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазіргі тәуелсіз Қазақстанның даму тарихын бізге өткеннен іздеудің қажеті жоқ. Біз тәуелсіз елімізбен бірге өмір сүріп келеміз, тәуелсіздіктің қиыншылығын да, жемісі мен жеңісін де, тіпті әрбір қадамын өзіміз де бірге көріп, бірге ілгері жылжудамыз. Өйткені, президенттік басқару формасы мен тәуелсіздіктің отыз жылдық тәжірибесі біздің мемлекет үшін осы басқару формасының тиімді болып, ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттарын анықтауға мүмкіндік берді.  Қазір тәуелсіз қазақ мемлекетінің тарихы жасалды. Бірақ оны қазақ елінің Көшбасшысы болған Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылы бүкіл халықтық сайлаудан кейін қолға алған басшылық қызметінсіз көзге елестету мүмкін емес, себебі Елбасының қолтаңбасы, қабылдаған тарихи шешімдері, ұстанған саясаты, саяси қызметі, өзіндік дара жолы жатыр.  

Батыстық саясаткерлер мен қайраткерлер де Қазақстанның бүгінгі табыстарын оның Тұңғыш gрезиденті Нұрсұлтан Назарбаевпен байланыстырады. Елбасының жаһандық бастамаларының арқасында біріншіден, Қазақстан қарусыздану және жаппай қырып жою қаруын таратпау үдерісінің көшбасшысы, екіншіден, аймақтық және аймақаралық интеграциялық үдерістер бастамашысы, үшіншіден, мәдениет, дін және өркениеттер арасындағы пікіралмасудың модераторы бола білді. Солардың бірнешеуінің жұмысына тоқталып өтуді жөн санадым. 

Ядролық қаруды таратпау және қарусыздану табыстары 

Еліміз тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап ядролық қауіпсіздік саласындағы бастамаларға белсенді түрде қатысып, қарусыздану және ядролық қаруды таратпау саласында жүйелі әрі жауапты саясат жүргізіп келеді. 1991 жылғы 29 тамызда ҚР Тұңгыш Президенті Нұрсұл­тан Назарбаев әлемдегі ең ірі Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойып, үлкен батылдық танытты. Бұл, шын мәнінде, қазақстандықтар арасында ғана емес, бүкіл әлемдік қоғамдастық тарапынан кең қолдау тапқан тарихи шешім еді. Халықаралық қоғамдастық Елбасының адамзатты ядролық қарудан азат етуге бағытталған саясатын мойындады және осындай саясат ұстану Қазақстанның ядролық қаруды таратпау, қарусыздану және ядролық қауіпсіздік саласындағы жаһандық көшбасшылығын арттыра түсті. 

Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес 

1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясы барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Азия құрлығындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша құрылым – Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) құру туралы идеясын жария етті. 

Бүгінгі таңда Азия және Таяу Шығыс елдерінде күн санап артып отырған қауіп-қатерлер АӨСШК-нің халықаралық аренадағы рөлін арттыра түсті және халықаралық қоғамдастық оны қазіргі заманғы халықаралық қатынастардың шынайы факторы ретінде қабылдап отыр. АӨСШК-нің бүгінгі таңдағы жетістіктері – әлемдік қоғамдастықтың жоғары сеніміне ие болған Қазақстанның өңірдегі қауіпсіздік пен ынтымақтастықты нығайтудағы белсенді әрі жауапты саясатының жемісі.

Н.Ә.Назарбаевтың Еуразиялық жобасы 

Еуразиялық жоба - 1990-шы жылдардың бірінші жартысындағы Елбасының тұжырымдамалық ілімі, егеменді Қазақстанның ұлттық-мемлекеттік стратегиясының маңызды бөлігі. Президент «халықаралық бірлестіктер тәжірибесін ұзақ зерттеп, ТМД елдеріндегі жағдайды жете талдап»  «ықпалдасу үдерісін жылдамдату керек»  деген қорытынды жасады, Елбасының «Мемлекеттердің Еуразия одағын құру жөніндегі» жобасы 1994 жылы 3 маусымда ТМД-ға қатысушы мемлекет басшыларына жіберіліп, оның нәтижесі 6 маусымда қазақстандық, ал 8 маусымда ресейлік баспасөзде жарияланды. 

    1996 жылы Н.Ә. Назарбаев Еуразиялық жобаның барлық тұжырымдамалық (және іс-әрекеттік) диверсификациясын 1990 жылдардың шынайылықтарына сәйкестендіре отырып жүзеге асырады. Мұндай диверсификация Еуразиялық ықпалдастықтың Кедендік одақ көлеміндегі ықпалдастыққа қайшы келмейтіндігіне салмақты дәлел болды. ЕурАзЭҚ, Кеден  Одағы (КО) және Бірыңғай экономикалық кеңістіктің (БЭК) құрылуы Еуразиялық жобаның нақты жүзеге асуының межелік даталары болып табылады. 2015 жылы Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕЭО) құрылуы кезекті бір белес ретінде қарастырылуда7

Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесі 

2009 жылы 3 қазанда Әзербайжанның Нахчыван қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының 9-шы Саммитінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен мемлекет басшылары Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесін құру туралы келісімге  қол қойған болатын. 

Аталған құжаттың қабылдануы түркі халықтарының бірлігін нығайтатын аймақтық жалпытүркі бірлестігін құруға негіз қалады. Кеңес  оған мүше мемлекеттер мен халықтар арасындағы татулық, бірлік пен ынтымақтастықтың әлеуетін арттырып, түркі халықтарының бай мәдени-тарихи мұрасын насихаттау жөніндегі ортақ күш-жігерін жандандырды, болашақта олардың өзара ықпалдасуы үшін жағдай жасап, түркітілдес мемлекеттердің халықаралық сахнада біріккен ұстаныммен шығуына мүмкіндік берді. 

Діндер көшбасшылары съездері 

Қазақстанның тәуелсіздік жылдары әлемдік және дәстүрлі діндер үнқатысуына қосқан үлесі – халықаралық мойындауға ие болған маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Әртүрлі конфессияларды қамтитын 140 этностық топтардың өкілдері арасында ұлтаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз етудегі Қазақстанның бірегей тәжірибесі жаһандық деңгейде қызығушылық туғызып отыр.
Қазіргі кезде еліміздегі әртүрлі конфессиялардың өзара іс-қимыл жасау тәжірибесін халықаралық ұйымдар мен шетелдік әріптестеріміз, оның ішінде БҰҰ, ЮНЕСКО және ЕҚЫҰ зерделеуде. Осының бәрі Елбасының тәуелсіздік жылдары жүргізген және барлық этностық топтар мен конфессиялардың өкілдері арасындағы келісімді әрі өзара түсіністікті сақтауға, тұрақтылық пен жасампаз дамуды қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясаттың табысты тармақтарының бірі. 

Беделді ұйымдардағы төрағалық 

Қазақстанға Еуропаның және мұсылман әлемінің ең ірі халықаралық ұйымдары (ЕҚЫҰ, ИЫҰ) төрағалық етудің сеніп тапсырылуы – Елбасы саясатын әлемдік қоғамдастықтың жоғары бағалағанын көрсетті. 2010 жылдың желтоқсан айында Астанада өткен ЕҚЫҰ-ның саммиті бірегей саяси оқиғаға айналды. ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің басшылары 1999 жылғы Ыстамбұл саммитінен кейін 11 жыл өткен соң алғаш рет Ұйымның күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылауға және алдағы жылдарға арналған жұмыс бағыттарын айқындауға мүмкіндік алды. 2011 жылы Қазақстан Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының (ИЫҰ) Сыртқы істер министрлері кеңесінде төрағалық етті. Бұл да еліміздің халықаралық беделін барша мұсылман қауымдастығының жоғары бағалап, мойындауының арқасында мүмкін болды. ИЫҰ-ға жетекшілік ете отырып, Қазақстан Шығыс пен Батыс арасындағы, беделді еуропалық құрылымдар мен ислам әлемі арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі кеңейе түсуіне жәрдемдесті.
Қазақстан беделді халықаралық ұйымдарға төрағалық етуі арқылы өзінің әлемдегі өзекті мәселелер бойынша күн тәртібін қалыптастыруға және өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту мәселелері бойынша да жауапты шешімдер қабылдауға қауқарлы екенін көрсетті. 

Шиеленіскен халықаралық проблемаларды шешуге қосқан үлес 

Біріншіден, Елбасы Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру ісіне ұдайы әрі белсенді түрде гуманитарлық көмек көрсетіліп, Қазақстанның қаржылай көмегімен бұл елде әлеуметтік және инфрақұрылымдық объектілер салынды. 

Екіншіден, халықаралық қоғамдастықтың жауапты мүшесі ретінде Қазақстан Иранның ядролық бағдарламасы бойынша да келіссөздер үдерісіне өз үлесін қосты. Алматыда Иран мен келіссөздерге қатысушы алты ел (Ұлыбритания, Қытай, Ресей, АҚШ, Франция және Германия) арасында Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздердің екі раунды өтті. Сарапшылар атап көрсеткендей, Қазақстандағы келіссөздер тараптар ұстанымдарының жақындай түсуіне оң ықпал етті. 

Үшіншіден, Астана процесі тарихқа еліміздің бітімгерлік бағытында атқарған ауқымды шараларының бірегейі ретінде таңбаланатыны сөзсіз. Бұл орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбітшілік пен тыныштыққа негізделген берік ұстанымы мен сындарлы саясаты айқын көрінді. 

Қорыта келе, Елбасының халықаралық бастамаларының тізбесі аталған іс-шаралармен шектелмейді. Өңірлік ұйымдарға төрағалық ету, күрделі халықаралық проблемаларды шешуге қатысу, өңірлік қауіпсіздікті, мәде­ниетаралық үнқатысу мен дінаралық келісімді, сондай-ақ, тұрақты дамуды қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар бастамалар көтеру еліміздің баға жетпес тәжірибе жинақтауына мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда Қазақстан халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне одан әрі де өз үлесін қосуға дайын. 

  Саясаттанушы,
Тулебаева Меруерт Кенжебайқызы


Өзгелердің жаңалығы