Елбасы еңбек жолын бастаған кәсіпорын еңбеккерлері «Нұр-Сұлтан» атауын қолдайды

28 Наурыз 2019, 09:29
3735
Бөлісу:
Елбасы еңбек жолын бастаған кәсіпорын еңбеккерлері «Нұр-Сұлтан» атауын қолдайды
Фото: автордан

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды облысында Астана атауының «Нұр-Сұлтан» өзгеруі шешіміне байланысты қолдау шаралары жалғасын табуда. Теміртау қаласының металлургтері бұл жаңалықты қуана қабылдап, тарихи шешімге қолдау көрсетті.

Теміртау қаласындағы «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнының металлургтері Елорданың Тұңғыш Президент құрметіне аталғанын қуана құптайды. Бұл жайлы олар қалада өткен шара барысында айтты

«Біздің комбинатта Елбасы Нұлсұлтан Назарбаев еңбек жолын бастаған. Теміртауда оның жастық кезеңі өтті. Тарихи тұлғаға денсаулық, бақыт тілеймін. Ал «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнының бұдан әрі дамуына тілектестік білдіремін. Металлургия комбинаты қаланың ғана емес еліміздің мақтанышы. Осы компанияның өндіріс орындарында қызмет ететін металлургтердің еңбектеріне табыс тілеймін. Еліміз аман, аспанымыз ашық болсын», - дейді қала тұрғыны Виктор Никонов.

Шара барысында металлургтерге арналып мерекелік концерт ұйымдастырылды. Онда облыстың және қаланың шығармашылық ұжымдары әсем ән шырқап, би билеп, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Мерекелік шараға мыңға тарта теміртаулық қатысып, Нұр-Сұлтан қаласының атауына байланысты өздерінің пікірлерімен бөлісті.

«Біз Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа қашанда қолдау көрсетіп келеміз, әлі де қолдайтын боламыз. Тұңғыш Президенттің жанынан табыламыз. Ел жүрегі астананың Елбасының құрметіне аталуы тарихи оқиға. Нұр-Сұлтан қаласы Тұңғыш Президенттің бастамасымен салынған. Бұл жаңалықты қуана қабылдадық.», - дейді «АрселорМиттал Теміртау» АҚ металлургиялық комбинатының ардагері Қуаныш Омашев.

Шараға металлургтермен қатар қала тұрғындары мен басшылар, ақсақалдар мен жастар, сондай-ақ этномәдени орталықтың өкілдері қатысты.

«Мен тәуелсіз Қазақстанда өмірге келдім. Елімнің дамуы, мемлекетімнің болашағы мен үшін маңызды. Ел астанасының «Нұр-Сұлтан» аталуы тарихи шешім деген ойдамын. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл шешімін толық қолдаймын», - дейді теміртаулық жас Алия Көпбаева.

 


Өзгелердің жаңалығы