Елбасы жастарды ұлт мүддесі жолында аянбай еңбек етуге шақырды

24 Қараша 2021, 09:46
982
Бөлісу:
Елбасы жастарды ұлт мүддесі жолында аянбай еңбек етуге шақырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік ұрпақтары»  атты онлайн форматта өткен республикалық жастар форумында айтты. 

Тәуелсіздікпен қатар дүниеге келген ұрпақ биыл орда бұзар 30-ға толды. Буыны бекіп, қанаты қатайып, талай игілікті іске ұйытқы болар жасқа жетті. Туымызды биік ұстайтын, ұлтымызды ұлы мұраттарға бастайтын сол тәуелсіздік ұрпақтары, сендерсіңдер,- деді ол.

Елбасы қай заманда да тарихты жалынды жастар мен білімді азаматтар жасағанын айтты.

Сендерге айтарым, әр кезеңнің өз қиындығы мен сынағы болады. Қазіргі күрделі ахуалды көріп отырсыңдар. Дүние мың құбылып тұр. Осынау аумалы-төкпелі заманда білім мен ғылым қуған ел сенімді алға басады. Осы жолдан таймаңдар,- деді Назарбаев.

Елбасы біз текті халықтың ұрпағы екенін айтты. 

Қанымызда қайсарлық, бойымызда  батырлық, жүрегімізде жылулық бар. Осы орайда Алаш қайраткерлерінің осы бір ойы ойыма оралып отыр. "Біз бай, білімді әрі күшті болуымыз керек. Бай болу үшін кәсіп, білімді болу үшін оқу керек, ал күшті болу үшін елдің бірлігі керек. Береке, бірлік барда алынбайтын асу, бағынбайтын белес жоқ". Халқымызлың ұлы жеңістерінің барлығына  татулық пен бірліктің арқасында қол жеткіздік. Әлі де алға қойған асқақ армандарымыз, биік мақсаттарымыз көп. Жастарды озық 30 елдің қатарына қосу - баршамыздың ортақ мақсатымыз. Осы орайда жастарға зор үміт артамын,- деді ол.

Елбасы жастарды ұлт мүддесі жолында аянбай еңбек етуге шақырды.

Егемендік халқымызлың ең құнды құндылығы екенін ешқашан ұмытпаңдар. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, - деді Елбасы.

Өзгелердің жаңалығы