Бас жаңалықтар
Елбасы қазақ елі үшін теңдесі жоқ жақсылық жасады – өлкетанушы
02 Мамыр 2019, 17:52 600

Елбасы қазақ елі үшін теңдесі жоқ жақсылық жасады – өлкетанушы

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның дүниежүзілік қауымдастық мойындаған мығым шекарасын бекітіп берді. Бұл жөнінде бүгін Нұр-Сұлтан қаласында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясын талқылауға арналған отырыс барысында белгілі тарихшы, өлкетанушы Алдияр Әубәкіров айтты.

«Елбасымыз ең алдымен Қазақстанның экономикасын қолға алды, сонан соң ғана идеологияға ден қойды. Оның таңдаған жолы бірлік жолы болды. 1994 жылы Шығыс Қазақстандағы алғашқы Достық үйін өзі келіп ашты. Аумалы-төкпелі кезеңде ел аумағын тастап кеткендер де аз болмады. Бірақ шыдап-баққандар бүгін оның жемісін көріп отыр. Тұңғыш Президент қазақ елі үшін теңдесі жоқ жақсылық жасады. Ол қандай жақсылық дейсіздер ме? Ол - ел шекарасының анықталуы», - деді облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі, белгілі өлкетанушы Алдияр Әубәкіров.




Көрші Ресей, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан сияқты мемлекеттермен ортақ шекараны белгілеген Қазақстанның бүгінде Біріккен Ұлттар Ұйымының құжаттарымен және Вена Конвенциясымен қорғалған берік шекарасы барын алға тартқан ол, болашақ ұрпақ үшін мығым, әрі даулы аумағы жоқ мемлекет қалыптасқанын тілге тиек етті.

«Қазақстан Халқы Ассамблеясының XXVII сессиясында Елбасы негізгі назарды әлеуметтік салаға аударуды, кәсіпкерлікті дамыту қажеттігін баса айтты. Биыл елімізде үлкен өзгерістер орын алды. Тұңғыш Президентіміз Қазақстан халқына келесі ел басшысын таңдау мүмкіндігін берді. Қазіргі Президентіміз Қасым-Жомар Кемелұлы Тоқаев алдағы сайлаудың әділ, әрі шынайы болатынын айтты. Әр Қазақстандық сайлауға қатысып, өзіне ұнаған кандидатқа дауыс бере алады. Елордамыздың атауы Нұр-Сұлтанға өзгерді. Мұны мен Тұңғыш Президентімізге деген ел тұрғындарының зор құрметі деп білемін», - деп қосты Алдияр Ақылбекұлы. 


Фото: автордан

Сізден жаңалық