Елбасы қоры қайырымды жандарды марапаттады

22 Ақпан 2020, 10:38
1488
Бөлісу:
 Елбасы қоры қайырымды жандарды марапаттады
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтанда игі іс жасаған кең жүректі жандар марапатталды. Мұнда "Қайырымдылық керуені" жобасының жеңімпаздарына ҚР Тұңғыш президенті – Елбасының Қоры және Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы құрмет көрсетті.

Жобаның мақсаты – қайырымдылық идеяларын дәріптеу, белсенді азаматтық бастамаларды дамыту.

Байқауға республика бойынша батыл, қайырымды, жігерлі жандар қатысты. Былтыр тамыз айынан бастап еліміздің барлық өңірінде осындай адамдарды анықтау және іріктеу жұмыстары жүргізілді.

Осымен екінші жыл қатарынан өткізіліп отырған байқауға қатысушылар әлеуметтік, қоғамдық проблемаларды шешуге әрі жомарттығымен басқаларды мейірімділікке ынталандыруға үлес қосып жүрген жандар.

Байқау жеңімпаздарын іздеу барысында біздің жобаның жұмыс тобы сан түрлі ғажап адамдармен кездесті. Олардың арасында кәсіпкер-меценат, ҮЕҰ өкілдері, мұғалімдер, фермерлер, дәрігерлер, зейнеткерлер, студенттер және тіпті, мектеп оқушылары бар. Жыл санап сайысқа қатысушылардың қатары артып келе жатқанына өте қуаныштымыз. Егер алғашқы "Қайырымдылық керуені" байқауына 97 қатысушы қатысса, бүгінде 231 адам бақ сынап отыр. Бәріңізге немқұрайлы болмай, патриотизм, жауапкершілік пен мейірімділік танытқандарыңыз үшін алғыс айтқым келеді. Сіздердің әрқайсыларыңыз бізге, әсіресе жас ұрпаққа үлгі-өнегесіздер!, - деді байқаудың маңыздылығын атаған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрайымы, Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының директоры Дариға Назарбаева.

аска1.jpg

Жобаны қорытындылау барысында бес номинация бойынша конкурс жеңімпаздарының есімдері жарияланып, оларға I, II және III дәрежелі медальдар, сондай-ақ "Оқжетпес" шипажайына жолдамалар мен "Хабар" агенттігі мен "КТК" телеарнасы - ақпараттық серіктестердің бағалы сыйлықтары тапсырылды.

Жарыстың ең жоғары наградасы - бірінші дәрежелі медаль "Асар" номинациясы бойынша – алматылық Алжан Алашабаеваға берілді. Ол қазақтың ұлттық мәдениетін сақтауға және дамытуға бағытталған жобаны жүзеге асырады. Сонымен қатар, оның жобасы көру қабілеті нашар және соқыр балалардың таным көкжиегін арттыру арқылы қоғамға бейімделуіне бағытталған.

"Туған жер" номинациясы Жамбыл облысынан келген Ләззат Жабатаеваға бұйырды. Ләззат ерекше патриотизм көрсеткені үшін марапатталды. Ол Түркістан облысындағы туған ауылы Шәуілдірге балабақша салды. Сарыкемер ауылында өз қаражатына спорттық-сауықтыру кешенін салып, құрал-жабдықпен қамтамасыз етті әрі республикалық "Батыс қақпасы" тас жолында "Қайнар" медициналық орталық нысанын тұрғызды. Сонымен қатар, Ләззат жыл сайын қайырымдылыққа 7 миллион теңгеге дейін қаражат бөледі.

аска2.jpg

"Мейірім жолында" номинациясы Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Жанар Байжүлденоваға табысталды. Жанар - көп балалы ана, қоғам қайраткері. Өзінің маңызды жобасында патронаттық тәрбие, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға отбасын табуға көмектесу тәжірибесін насихаттайды. Екі баланың анасы 2012-2016 жылдар аралығында 11 сәби асырап алған.

Өскемендік Айбек Әбдірахманов "Батыл жүрек" номинациясына ие болды. Ол 7 адамнан тұратын отбасын өрттен құтқарды. Өткен жылдың қыркүйек айында үйге қайтып келе жатқанда Айбек отқа оранған үйді көреді. Ойланбастан жанып жатқан үйге кіріп, адамдардың шығуына көмектесіп, ерлік жасаған.

"Қайырымдылық тарихы" номинациясы Қызылорда облысынан келген Толқын Қабылшаға табысталды. Ол "Qazaqstan" республикалық телеарнасының облыстық филиалының тілшісі. Толқын қайырымдылықпен айналысады, тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсету шараларына да белсенді атсалысады.

  

 

 

Өзгелердің жаңалығы