Бас жаңалықтар
Елбасы – Нұрсұлтан есіміне әлемдік жаңа мағына берген тұлға – Дархан Мыңбай
23 Наурыз 2019, 17:22 842

Елбасы – Нұрсұлтан есіміне әлемдік жаңа мағына берген тұлға – Дархан Мыңбай

Ақмола, BAQ.KZ тілшісі. «Халқымыз Астана мен Елбасы біте қайнасқан ұғым екенін біледі. Оның үстіне Астана атауын берген, яғни жаңа топонимиканың бастамашысы – Елбасы», - дейді ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай.

«Әлем танып, мойындаған "Қазақстан жолы", "қазақстандық модель" деген ұғымдар бұрын бізде болып па еді? Бұл - тәуелсіздік жылдары қол жеткен қажырлы еңбектің, тынымсыз тірліктің, ырысты ынтымақтың жемісі. Ал өз жолы бар мемлекеттің өз дәстүрі, өз құндылықтары болуы - табиғи нәрсе. Біз - шет xалықтардың салтына, дәстүріне одыраймай, әжуа-мысқылмен емес, құрметпен қарап үйренген елміз. Бұл қасиетімізді бағалаған алыс-жақыннан келгендер арнайы зерттеп те жүр. Сондықтан адамды, оның құқығын қадірлеуде де, жер-су, қала атауын қастерлеуде де біз ешкімнен кем емеспіз», - дейді Дархан Мыңбай.

Халық қалаулысының пікірінше, Астана мен Елбасы біте қайнасқан ұғым. Астана атауын берген, яғни жаңа топонимиканың бастамашысы – Елбасы.

«Біздіңше, бір-біріне синоним тектес, бір-бірін толықтыратын ұғымдар дүние жүзінің картасына түссе, одан Қазақстан тек ұтады. Елбасы - Нұрсұлтан есіміне әлемдік жаңа мағына берген тұлға. Жалпы біз Астана брендін көп айтамыз. Оны жасаған - Елбасының табандылығы мен халқымыздың береке-бірлігі. Біз елдік, мемлекеттік идеяға топтассақ, елордамыздан бастап кез келген қаламыздың атауын әлемдік брендке айналдыра аламыз», - дейді Дархан Мыңбай.

Халық қалаулысы елімізде әлі күнге орысша атау иеленіп отырған қалаларды қазақшалаудың да уақыты жеткенін айтады.

«Тағы бір ел азаматтарын толғандырып жүрген ой - дәл қазір дәстүріміз түгілі, өркениетті Еуразиялық таным қабылдамай жатқан Петропавл мен Павлодар атауын бірін "Достық", екіншісін "Ынтымақ" деп қатар өзгертіп жіберсе, халық барлық жаңа өзгерістерді Тәуелсіздік пен рухани жаңғыру тұрғысынан ықыласпен қабылдар еді. Сәтін салып, Қазақстанның мемлекеттік тұғырын бекемдеген отыз жылдың бедеріндегі биігімізді одан әрі асқақтата түсетін мұндай маңызды қадамдар елдің бірлігін арттырып, мерейін көтеретіні сөзсіз. Қазақта "Ынсап сайын - береке" деген сөз бар. Елорда немесе Елбасы негізін қалаған астана байырғы Бозоқ қалашығы маңында һәм ерке Есілдің жағасында тұрып, арттағы мыңжылдықтарға қарап "тәуба!" дейтініне, алдағы мыңжылдықтарға көз тігіп "тәуекел!" дейтініне сеніміміз зор», - дейді Дархан Мыңбай.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...

Сізден жаңалық