Елбасы идеялары «Қазақтану» жобасы аясына топтасқан – Арзу Гурбанова

24 Сәуір 2019, 19:00
2984
Бөлісу:
Елбасы идеялары «Қазақтану» жобасы аясына топтасқан – Арзу Гурбанова
Фото: автордан

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Н. Назарбаев айтқандай халық үшін тұрақтылық пен татулықтан артық ешнәрсе жоқ. Шымкент қалалық әзербайжан этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Арзу Гурбанова Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясы қарсаңында пікір білдіріп, елдегі тұрақтылық пен татулықты сақтауда Елбасы бастамасымен дүниеге келген «Қазақтану» жобасы хақында айтты.

 «Қазақ елі тарихтың жаңа бір сындарлы кезеңінде, өз болашағын таңдайтын сәтте тұр. Тыныштықта өмір сүріп, алаңсыз еңбек еткенге, бақытты ұрпақ тәрбиелегенге не жетсін. 29 сәуірде астанамыз Нұр-Сұлтанда өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясында осы басты байлығымыз - берекелі бірлігіміз бен тұтастығымызды нығайту жайы кеңінен қозғалады деп сенеміз. Әр жылы осы жиында туындаған идеялар тиімділігі мен өз өміршеңдігін көрсетіп келеді. Өткен жылы ҚХА сессиясында Елбасы бастамасымен дүниеге келген «Қазақтану» жобасы барша қазақстандықтарды ортақ мүддеге жұмылдыру арқылы қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлікті нығайтуға сүбелі үлес қосып келеді.

Аталған жоба Қазақстан этностарының арасында қазақ халқының тарихын, дәстүрлерін, гуманитарлық және адамгершілік принциптерін дәріптеуге бағытталған. Ұлттық құндылықтар негізінде халық бірлігін одан әрі нығайту және елдегі тұрақтылықты сақтауды көздейді», - деді педагогика ғылымдарының кандидаты Арзу Гурбанова.

Этнос өкілдері арасында кең қолдауға ие болғане осы жоба аясында биыл Шымкентте Наурыз мерекесі ерекше аталып өтті. Мұның бір дәлелі – Шымкенттің орталық көшелерімен Наурыз керуені жүрді.

«Қала көшелерін ұлттық нақышта көмкерілген «Наурыз керуені» аралап, тұрғындар мен қонақтарға ұлттық ерекшелігімізді паш етті. Наурызды өзге қырынан дәріптеп, санамызды ояттық. Оған қаладағы барша этномәдени бірлестіктердің өкілдері белсене қатысты. Алдағы кезеңдерде кітапханаларда қазақ тарихының айтулы күндеріне арналған «Күтізбені парақтағанда» тақырыбында көрме ұйымдастыру, жас буын өкілдерін ұлттық қолөнерге баулу, «Қуатты елдің қуатты азаматтары» жобасын іске асыру сынды іс-шаралар өткізілмек. Осы жоба аясында ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүр туралы кітапша әзірлеуді жоспарлануда. Биыл үшінші мегаполисте «Қазақтану» жобасы негізінде «Берекелі Шымкент», «Қазақ дастарханы», «Ұлттық домбыраны сыйға тарту», «Тілге құрмет – елге құрмет» жобалары іске асады. Мұның барлығы мемлекет құраушы қазақ ұлтының маңайына этнос өкілдерін шоғырландырып, өзара сыйластық пен ішкі бірлікті бекемдеуге бағытталып отыр», - деді Арзу Гурбанова.

 

Өзгелердің жаңалығы