Елбасы: Бүгін бүкіл әлемнің антиядролық қозғалысы үшін тарихи күн

29 Тамыз 2019, 13:35
2887
Бөлісу:
Елбасы: Бүгін бүкіл әлемнің антиядролық қозғалысы үшін тарихи күн
PHOTO
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Назарбаев орталығында ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығының лауреаттары марапатталды

Іс-шараға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.

«Бүгін тек Қазақстан үшін емес, бүкіл әлемнің антиядролық қозғалысы үшін тарихи күн. 1991 жылы дәл осы 29 тамызда менің жарлығыммен әлемдегі ең ірі Семей ядролық полигоны жабылғанын білесіздер. Ол кез Кеңес одағы кезі. Әскери адамдар күшінде болған, солардың қарсылығына қарамай Қазақстан бұл мәселені шешіп, халықтың көңілінен шықты. Бұл бүкіл халқымыз үшін 40 жыл күткен тарихи шешім еді. 1949 жылғы 29 тамызда Қазақстанда Кеңес одағының бірінші атом бомбасы жарылып, орасан зор экологиялық  және адами трагедияға әкеп соқтырды. 40 жыл ішінде 456 ядролық сынақ өткізілді. Кем дегенде 500 мың адам радиация залалын тартты. 2009 жылы 2 желтоқсанда БҰҰ Бас ассамблеясының 64-ші сессиясы Қазақстанның бастамасы бойынша 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялады. Бұл күн 2010 жылдан бері бүкіл әлемде аталып келе жатыр», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

IMG_4780-29-08-19-01-17.JPEG

Тұңғыш президент ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығының лауреаттарын марапаттады. Елбасы Ядролық сынақтарға тыйым салу жөніндегі кең ауқымды келісімшарт ұйымының дайындық комиссиясының атқарушы хатшысы Лассина Зербо мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) бас директоры болған марқұм Юкия Аманоның жұбайына сыйлықты табыс етті.

Лассина Зербо мен Юкия Аманоның інісі Мари Амано еңбектерін жоғары бағалағандары үшін алғыстарын айтып, Қазақстан сияқты жас мемлекеттің жоғары қарқынмен дамып келе жатқанын атап өтті. 

Атап өтсек, марапаттау рәсімі Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне және Семей ядролық полигонының жабылу күніне орайластырылған. Бұған қоса, 2019 жылы Невада-Семей халықаралық антиядролық қозғалысының құрылғанына 30 жыл және 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күн деп жариялау туралы БҰҰ қарарының қабылданғанына 10 жыл толады. 

2016 жылғы 10 қазанда тағайындалған ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығы Қазақстан Республикасы президентінің жарлығымен екі жылда бір рет табысталады. 

Сыйлық 2016 жылдың сәуірінде Вашингтондағы Ядролық қауіпсіздік саммитінде ұсынылған «Бейбітшілік. ХХІ ғасыр» манифесі мәнмәтінінде құрылды. Бұл жаһандық бейбітшілікті орнатып, жаппай қырып-жоятын қарудан бас тартып, орнықты әлемдік тәртіпті нығайтудағы Қазақстанның көшбасшылығын растайды. 

IMG_4782-29-08-19-01-17.JPEG

Сыйлықты тағайындау мақсаты – саяси және қоғамдық жетекшілер мен ұйымдардың ядролық қарусыз әлемге қол жеткізудегі және әлемдік қақтығыстарды шешудегі еңбегін мойындау. 

2016 жылы бірінші сыйлық иегері Иордания королі Абдалла ІІ болды. Ол сыйлықты Таяу Шығыста жаппай қырып-жоятын қарудан азат аймақ құруға және 1,5 миллионннан астам сириялық босқындарды қабылдауға қолдау көрсеткені үшін алды.

Салтанатты рәсімге лауреаттар мен олардың өкілдері, Сыйлықтар жөніндегі комитет мүшелері, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік өкілдері, Ядролық сынақтарға тыйым салу жөніндегі кең ауқымды келісімшарт ұйымының дайындық комиссиясының жауапты хатшысы, Қазақстанда тіркелген шетелдік дипломатиялық миссиялардың басшылары, Парламент депутаттары, белгілі қоғам қайраткерлері, республикалық мәдени және жастар ұйымдарының басшылары қатысты. 

Іс-шараны ҚР Тұңғыш президенті – Елбасы қоры Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен ұйымдастырды.

Өзгелердің жаңалығы