Бас жаңалықтар
Елбасы Әзербайжан Мәжілісінің төрағасымен кездесті
29 Қыркүйек 2021, 20:20 3061

Елбасы Әзербайжан Мәжілісінің төрағасымен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елбасы Әзербайжан Республикасы Милли Мәжілісінің төрағасы Сагиба Гафаровамен кездесті. Бұл туралы Елбасының ресми сайты хабарлады.

Нұрсұлтан Назарбаев Милли Мәжіліс төрағасының сапары Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы парламентаралық қарым-қатынастың дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді.

Түркістанда Түркітілдес елдердің Парламенттік ассамблеясының оныншы мерейтойлық отырысы аяқталды. Жиынның табысты өткеніне сенімдімін. Түркістан қаласына 2018 жылы облыс орталығы мәртебесі берілді. Содан бергі уақытта қала құрылысында қандай жетістікке жеткенімізді өзіңіз де көрген боларсыз. Биыл қалада Түркі кеңесінің отырысын өткізу жоспарланған еді, бірақ пандемияға байланысты жиын онлайн өтті, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Елбасы ұзақ жылдар бойы екіжақты қатынас орнату мен оны тереңдету жолында қызмет еткеніне тоқталды.  

Менің марқұм Гейдар Әлиұлымен және республиканың қазіргі басшысы Ильхам Гейдарұлымен жеке қарым-қатынасым әрдайым жоғары деңгейде. Біз үшін бұл достықтың орны бөлек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Өз кезегінде Сагиба Гафарова Елбасыға қонақжай пейілі үшін алғыс білдіріп, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевтің ізгі лебізін жеткізді.

Мен біздің халықтардың арасындағы қарым-қатынас дамып жатқанына қуаныштымын. Бізді жақындастыратын дүниелер көп, ол: түркі әлемі, дәстүріміз, мәдениетіміз. Бұған Түркістан қаласына барғанда көз жеткіздім. Қала баршамызды таңғалдырды, – деді С.Гафарова.

Милли Мәжіліс төрағасы Қазақстанның елордасынан алған әсері туралы да айтты.

Жаңадан қала салу үшін саяси ерік-жігер ғана емес, Сіз сияқты өз елінің патриотына тән үлкен жүрек те керек, – деді С.Гафарова. 

Фото: дереккөз
Загрузка...