Ел чемпионаты. Бүгін чемпионаттың ашылу салтанаты өтеді

1 Сәуір 2021, 09:28
3129
Бөлісу:
Ел чемпионаты. Бүгін чемпионаттың ашылу салтанаты өтеді
Фото: автордан

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Қазақстан Республикасының 30 жылдығына орай Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен көкпар мен аударыспақтан ересектер арасындағы ел чемпионатының ашылу салтанаты өтеді.

Жамбыл облысы Тараз қаласы маңындағы Бестөбе атшабарында жалауын желбіреткен чемпионаттың ресми ашылу салтанаты бүгін өтеді. 

Көкпардан 15 команда, аударыспақтан 71 палуан сынға түсіп жатқан тартысты дода санитарлық талаптарды сақтай отырып, көрерменсіз өтіп жатыр. Сонымен қатар ел чемпионаты ел тарихында алғаш рет QAZSPORT телеарнасынан тікелей эфирде берілуде.

Чемпионаттың ашылу салтанатына Парламент Мәжілісінің депутаты, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан қатысады. Сонымен қатар облыс басшылығы мен өңірлерден келген команда жетекшілері қатысады деп жоспарланып отыр.

Сондай-ақ бүгінгі күннің жарыс кестесі бойынша жарыстың ашылу салтанатынан бөлек аударыспақтан командалық жарыстар және көкпардан Жамбыл облысы құрамасы мен СҚО құрамасының, Атырау облысы құрамасы мен Қызылорда облысы құрамасының арасында тартыс өтетін болады.

Түстен кейін аударыспақ жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтеді деп жоспарланған. Алайда, ауа райының қолайсыздығына байланысты (Таразда бүгін қар жауды – ред.) аударыспақтан командалық жарыстар шегерілді.

Ел чемпионаты. Бүгін чемпионаттың ашылу салтанаты өтеді

Осы орайда ұлттық спорт жанкүйерлерінің назарына 6-7 сәуір күндері чемпионат аясында «Өнер көкпары» додасы өтетін болады.

Өзгелердің жаңалығы