«Ел аманаты». «Ауыл» партиясы жалпыұлттық сауалнама өткізеді

23 Қыркүйек 2020, 16:40
1910
Бөлісу:
«Ел аманаты». «Ауыл» партиясы жалпыұлттық сауалнама өткізеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында «Ауыл» ХДПП төрағасының бірінші орынбасары Төлеутай Рахымбеков айтты.

Бүгін партияның саяси кеңесінің отырысы өтті. Отырыста «Ел Аманаты» жалпыұлттық сауалнамасы өткізілуі туралы шешім қабылданды. «Ауыл» партиясы ел ішіндегі ең маңызды әлеуметтік-экономикалық проблемаларды айқындау үшін осы іс-шараны бастайды, - деді Төлеутай Рахымбеков. 

Партияның бұл сауалнаманы өткізудегі негізгі мақсаты - қоғамдағы толғандыратын түйткілді мәселелерді ел азаматтарынан аманат етіп алып, оны саяси бағдарламаларға енгізіп, мемлекеттік билікке ықпалын жүргізу арқылы халыққа тиімді қызмет ету.

Бүгінгі таңда халықты алаңдатып отырған көптеген мәселе бар. Атап айтсақ, денсаулық сақтау, білім беру, несие қайтару, сыбайлас жемқорлықпен күресу, баспана, жер қатынастары, ауылдар мен ауыл шаруашылық саласының дамуы. Осындай мәселелерді «Ел аманаты» жалпыұлттық сауалнамасына енгіздік. Сауалнама барысында негізгі проблемалардың тізімі берілді. Қатысушылар солардың ішінен ең маңыздысын белгілеп, бізге жіберсе, сол мәселелерді саяси бағдарламаларға енгіземіз. Сондай-ақ, олардың шешімін табу жолында еңбектенетін боламыз, - деп атап өтті ол ОКҚ-дегі брифингте. 

Сондай-ақ, партия өкілі саяси партия ретінде ешқашанда халықпен байланыстарын үзбегендерін жеткізді. 

Біз елмен біргеміз. «Аманат» ұғымы халқымыз үшін, қазақ үшін өте қасиетті. Осы арқылы партиямызға қандай жауапты міндет жүктелетінін де өте жақсы түсініп отырмыз. Ел мүддесін көздеген «Ауыл» партиясы халықтың мұң-мұқтажын біліп, оларды шешуді өзінің аса маңызды мәселесі ретінде санайды, - деді Төлеутай Рахымбеков. 

Сауалнамамен танысу үшін мына сілтеме арқылы өту керек.

Өзгелердің жаңалығы