Екпенің арқасында халық көптеген инфекциядан аман қалды – дәрігер

21 Мамыр 2020, 18:49
2019
Бөлісу:
Екпенің арқасында халық көптеген инфекциядан аман қалды – дәрігер

Алматы, BAQ.KZ. 18 ғасырда ғана 60 млн адамның өліміне себепші болған шешек індеті туралы адамдар бүгінгі күні біле бермейді. Вакцинаның арқасында 1977 жылдан бері әлемде ешкім бұл аурумен ауырған жоқ. 


Бұл туралы Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ жанындағы Республикалық аллергология орталығының меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты дәрігер Динара Талғатбекова айтты.

Дәрігердің айтуынша, вакциналаудың маңызы ағзаның иммунды жүйесін алдын ала қандай да бір патогендер пайда болған жағдайда әрекет етуге үйретеді. 
Бұл үшін ағзаға әлсіреген, белсенді емес патогендер немесе олардың кішкентай бөлшектері жіберіледі. Мұндай патогендер ауыр ауруларды болдырмайды, бірақ есте сақтау жасушаларын қалыптастырады. Осылайша, инфекция түскен кезде бірден иммундық жауап қосылады. Есте сақтау жасушалары бірден "дұшпанды" тани кетеді де, дабыл қағып, жою механизмін жібереді. Бұл үшін бар жоғы 1-3 күн қажет. Мұндай жағдайда біз инфекцияға тап болғанымызды немесе аурудан жеңіл түрде өтіп кеткендігімізді білмей қаламыз, - дейді ол.

Динара Жеңісбекқызы айтқандай, егудің өзінің жанама әсерлері бар. Көп жағдайда бұл ағзаның жеке реакциясы. Әлсіздік, дене қызуының жоғарылауы, егілген орынның ауыратындығы, тәбеттің нашарлауы сияқты реакциялар жиі кездеседі. Бөртпе, тіпті Квинке ісінуіне дейін болатын аллергиялық реакциялар және анафилаксиялық шок сирек болады.
Аллергиялық реакция тек екпеге ғана емес, сонымен қатар кез келген препарат немесе аллергенге туындауы мүмкін екендігін ескеру қажет. Сонымен қатар, ағзаның сау болуы өте маңызды. Аурумен әлсіреген иммунитеттің вакцинамен күресе алмауы мүмкін: ауру қаупі бар. Ондай жағдайда вакциналауды кейінге қалдырады. Егуден толығымен бас тартудың көрсеткіші – иммунды тапшылық аурудың болуы, себебі бұл жағдайда, тіпті әлсіреген патоген де өмірге қауіп төндіруі мүмкін, - дейді ол.

Соңғы жылдары бүкіл дүние жүзінде вакцинаға қарсы лобби белсенді әрекет етуде. Әлеуметтік желілерде егулерден бас тартуға шақырып жатады.

Вакциналаудың тиімділігінің дәлелденуіне және қазіргі вакциналардың реактогенділігінің төмен екендігіне қарамастан болатын негатив ата-аналардың вакциналаудан бас тартуына әкелуде. Егілмеген балалардың саны артқан жағдайда ұжымдық иммунитет, яғни қоғамның белгілі бір ауруларға қарсы тұру мүмкіндіктері төмендейтін көрінеді. Жүргізілген зерттеулер қоғамдағы егілмеген адамдар пайызының салыстырмалы жоғары болуы тіпті уақытылы егілгендер арасында да жұқтырудың қаупін арттыратындығын дәлелдеді.
Созылмалы аллергиялық аурулар балаларда болатын аурулардың кең таралған тобының қатарына жатады. Балаларда аллергопатологияның болуы вакциналаудан бас тартуға негіз болып табылмайды. Бұл - иммунизация жүргізу кезінде ерекше сақтықты қажет ететін пациенттер тобы. Себебі мұндай балалардың иммундық жүйесі вакцинаға қалыпсыз түрде жауап беруі мүмкін. Аллергиясы бар балалардың вакциналардың жіті аллергиялық реакцияны болдыртатын кейбір компонентіне жоғары сезімталдығы болуы мүмкін. Барлық вакцинаға қолдануға болатын жалғыз ғана абсолютті қарсы көрсетілімі анамнезде алдыңғы дозаға болған анафилаксия немесе вакцина компоненттерінің болуы, - дейді дәрігер.

Сонымен қатар, ол аллергиясы бар балаларда инфекциялық аурулар әдетте ауырлау болатындығын ескеру қажеттігін айтады. Оларға ең бірінші кезекте қауіпті аурулардан қорғану қажет. Тұмау, қызылша, көкжөтел, бронх демікпесі, атопиялық дерматит, аллергологиялық ринит асқынуының триггерлері болып табылатындығы белгілі. Сондықтан аллергияны вакциналаудан бас тартудың себебі ретінде қабылдауға болмайды.
Ал медицина қызметкері жалпы және тәуекел тобындағы иммунизация жасаудың қазіргі заманғы тәсілдерін біліп, инфекция мен вакциналаудың қауіптерін салыстырып, осының барлығын пациенттерге, ата-аналарына түсіндіре білуі тиіс, - дейді ол.


Өзгелердің жаңалығы