Экопроблемадан ірі көлемді айыппұл мен түрмеге қамау ғана құтқара алады - Экоамбассадор

27 Шілде 2020, 09:46
2098
Бөлісу:
Экопроблемадан ірі көлемді айыппұл мен түрмеге қамау ғана құтқара алады - Экоамбассадор

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. "Спарта Астана" ЭКОклуб экологиялық қозғалысының негізін қалаушы, ҚР эко амбассадоры, волонтер Әсел Құспанова табиғатты аялап ұстауды насихаттап жүрген жастардың бірі.

Отанына оралған Әсел

Алдымен кейіпкерімізді таныстырып өтсек. Әсел - 1986 жылы Ресейдің Санкт-Петербург қаласында дүниеге келген. Үйдің кенжесі. Екі әпкесі бар. Балалық шағы Ресейдің солтүстік астанасында өткен.

Әке-шешем жас кезінде Ленинградта оқыған. Сосын жұмыс істеп, қалып қойған. Әкем Сәрсенғали Құспанов қазіргі кезде Санкт-Петербургтағы қазақ ұлттық мәдени орталығына жетекшілік етеді. Әкем патриот. Салт-дәстүрге ерекше мән береді. Тек менің қазақшам жақсы емес. Өйткені балабақша, мектеп, университет барлығында орысша оқуға тура келді. Ата-анам менің тарихи отанға оралғанымды қалады. Сөйтіп, астанаға келіп, телеарнаға жұмысқа тұрдым. "Астана", "Еуразия" арналарында журналист болып істедім, - дейді Әсел Құспанова.

Ол Қазақстанға келмес бұрын да Ресейдің БАҚ саласында еңбек еткен.   Ал елімізде 2017 жылы "Шабыт" жастар сыйлығының журналистика аталымында жүлдегер атанған.

Спортшы Әсел

Ол былтыр 22 қыркүйекте Қарағанды қаласында өткен "Kúzdik Jarty Marathon" атты бұқаралық спорт мерекесінде 21 шақырым 195 метрлік жартылай марафонда жеңіске жеткен болатын. Әсел бұл қашықтықты 1 сағат 45 минут 24 секундта бағындырды. 

Жалпы, Әсел бірнеше марафондарға қатысып үлгерген. Қазір бокспен де айналысып жүр. Тіпті, жарыстарға да қатыса бастаған.

Экоамбассадор Әсел

"Спарта Астана" ЭКОклуб экологиялық қозғалысын 2019 жылдың наурыз айында құрды. Негізінен сенбіліктер өткізіп тұрады. Сонымен қатар, дәрістер, шеберлік сағаттарын, әлеуметтік желілерде экологиялық білім беру бойынша презентациялар ұйымдастырып тұрады.

caba6573-0c56-40e4-9d77-f96735e293fc.jpg

Экоамбассадор бастапқыда үйден шыққан тұрмыстық қалдықтарды қапшыққа іріктеп салудан бастаған. 

Одан кейін экология туралы ақпараттарды қарап, жинақтап, ол туралы өзге адамдарға айта алатынымды түсіндім. Экология саласында волонтер ретінде жұмыс істеуіме осы жағдай ықпал етті. Жалпы, бұл бағытта жұмыс істеуіме үлкен апам ықпал етті. Оның қызығушылығы менен бұрын оянған. Бірақ көндіруге тырысып немесе мәжбүр еткен жоқ. Күндердің бір күнінде өзім осындай тоқтамға келдім. Бұған "Мусор" деген фильмді көруім де әсер етті, - дейді эко-белсенді.

Қоршаған ортаның таза болуын қалайтын Әсел тұрмыстық қалдықтарды тек үгіт-насихат жұмыстары арқылы ғана емес, басқа елдер секілді заңнамалық деңгейде шешу керек деп санайды.

Бұл жерде еуропалықтар керемет, ал біз жалқаумыз деп айтуға болмайды.  Олар айыппұлдардың арқасында қоршаған ортаны таза ұстауды үйренді. Мен де мұндай радикалдық шараларды қолдаймын. Германия мен Жапонияны алып қарасақ, екеуінде де қоқысты дұрыс төкпегендерге үлкен көлемде айыппұл салады. Оларда қоқысты дұрыс бөліп тастамаған үшін айыппұл бар. Германияда тұратын достарымның айтуынша, егер қоқыс дұрыс сұрыпталмаса, оны алып кетпейді екен. Сосын полицей қоқысты дұрыстап сұрыптамағаны үшін салынған айыппұлдың төленгенін тексереді, - дейді Әсел Құспанова.

Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың табиғи демалыс орындарындағы мәдениетсіздігін сынға алып, халықтың ерекше қызғылт түсті "Көбейтұз" көліне келтірілген орасан зор зиянға қатысты алаңдаушылығы орынды екенін жеткізді. Қазақстан Президенті табиғатты ластағаны үшін айыппұл көлемін арттыруға тапсырма берген болатын. Әсел де мәселені осылай ғана шеше аламыз деп отыр.

0074f767-f204-4d53-89bc-df63c2718ca2.jpg

Экологиялық проблемалардан тек ірі көлемдегі айыппұлдар ғана құтқара алады. Қазіргі кездегі 5 АЕК (13 890 теңге) айыппұл болмайды. Көбейтұзға көлігімен кіріп кеткен азаматқа салынған айыппұлдың көлемі осындай. Егер оған миллиондаған айыппұл салынғанда, адамдар түсіне бастар еді. Адамдар заң алдында жауап бермейтін нәрседен қорықпайды. Олар жазаланған кезде ғана ойланады. Демалыс орындарына, өзен-көлдердің маңына экополиция қою керек. Айыппұлдың көлемін ұлғайтып, тіпті 10-15 тәулікке қамау жағын да ойластыру керек. Адамдар мұның қылмыс екені түсінуі тиіс. Бізде қазір уақыт жоқ, - дейді ол.
"Спарта Астана" клубының негізін салушының болжамы бойынша, ірі көлемдегу айыппұлдар енгізілсе, қоқысты іріктеп тастауға халық 1-2 жылда үйренеді. Егер заң жүзінде күшейтілмесе, 10-20 жыл бойы осылай жүре береміз. Халықты экоағартумен тәрбиелеу үшін уақыт қажет. Бірақ ағарту жұмыстарынан бас тартуға болмайды. Қайта екі жағын бірдей қолға алған дұрыс деп санайды.
Бұл жерде мектепке дейінгі білім беретін орталықтарда, мектептерде, университеттерге экологиялық пән енгізу қажет. Сонымен қатар, әр түрлі корпорацияларда айына кемі бір рет дәрістер өткізіп отыру керек. Сосын еліміздің БАҚ өкілдері апта сайын экологогистикалық проблемаларға қатысты айдар ашып, жүргізіп отырса. Насихат қажет. Бұған блогерлер мен вайнерлер қосылғаны дұрыс,- дейді экобелсенді.
384a7608-fb7d-4ecf-a27d-6af25983b4dc.jpg

Ол осы ретте шетелдік тәжірибелермен бөлісті. Қазақстан қай елдерге қарап бой түзу керектігін сұраған едік.

Маған Еуропадағы Швеция мемлекеті ұнайды. Ол жақта мүлдем қоқыс қалмады. Жоғарыда айтқан Жапония мен Германияның қоқысты сұрыптап төгетіндігі. Тәртіп бұзылса айыппұлды аямай салатындығы көңілден шығады. Сондықтан болар, ол елдердің халқы қоқысты іріктеп салуға үйреніп қалған, - дейді Әсел Құспанова.

Қауіпті вирустың індеті біздің күнделікті өмірімізге бірқатар өзгерістер енгізді. Төтенше жағдай мен карантин енгізілгенге дейін адамдар дүкен сөрелерінен азық-түліктің таусылып қалуынан қорқып, бәрін сатып алуға тырысты.  Бұл қалдықтардың саны мен сапасына әсер етті ме?

 Экоелшінің айтуынша, әсері болған. Карантин кезінде қоқыстың саны көбейген. Заттарды дүкеннен үйге жеткізу үшін пайдаланылатын пакеттердің саны арты. Осыған байланысты эколог карантин кезінде қоқысты іріктеу туралы ойымен бөлісті.

Карантин кезеңінде қоқысты балконға жинап, сұрыптадым. Өзім осы саладағы тәжірибелі адам болғандықтан, өнімдерді көбінесе қаптамасыз аламын. Сондықтан менде қалдықтың аса көп болмайды. Егер, сүтті алсам, онда тетрапакеттегісіне жоламаймын. Өйткені олар өңделмейді. Жұмсақ қапталғанын аламын. Сүзбені де өлшеп сататынын таңдаймын. Әрқашан экологиялық балама бар. Соны ұмытпау керек, - дейді Әсел.
Сонымен бірге ол азаматтарды толығымен қайта өңдеуге жататын экологиялық өнімдерге көшуге шақырады. Бірақ адамдар өздеріне үйреншікті тауарлардан бас тарта ала ма? Мысалы, тіс пастасының орнына, бамбуктан жасалғанын адамдар сатып ала ма? Өйткені қазір пайдаланып жүргеніміз қайта өңдеуге келмейді.
Экологиялық тауарлардың бағасы арзан емес. Мәселен, бамбук щеткалары 500 теңгеден, шүберек экопакеттер - 650 теңгеден басталады. Біріншіден, егер сіз экологиялық өнімдерге, мысалы термо кружкаға ауыссаңыз,оны бірнеше жыл пайдалануға болады. Болашаққа көз жүгіртсек, қазір арзан өнімдер сатып алып, қоқыстың көбейткеннен сол дұрыс. Бәлкім, тек бүгінгі күнмен өмір сүреді, болашаққа үмітпен қарамайды.  Яғни, эко-өнімді сатып ала отырып, сіз болашаққа үлес қосасыз, - деп шақырады экобелсенді.
Естеріңізге сала кетейік, абиғатты қорғап, экологияның бүлінбеуін қадағалап жүрген маманның бірі – полиэтилен өнімінің зиянсыз баламасы болып келетін биопакет өндірісімен айналысатын "ULY DALA" Әлеуметтік жобасы мен "Биопакет – болашаққа деген қамқорлықпен" сауда маркасының негізін салушы Мирас Аббасов туралы да жазған болатынбыз.
Өзгелердің жаңалығы