Енді мектеп пен балабақшада экологиялық сағат өтеді

20 Шілде 2019, 17:46
4394
Бөлісу:
Енді мектеп пен балабақшада экологиялық сағат өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстандағы мектептер мен балабақшаларда «экологиялық сағаттар» өткізіліп, балаларға қоқыс сұрыптау жүйесі, қоршаған ортаны қорғаудың өзге де мәселелері оқытылып, түсіндіріледі. Бұл туралы экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев журналистерге хабарлады.

«Білесіздер ме, тазалық жинайтын жерде емес, шашпайтын жерде сақталады демей ме. Сондықтан Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, экологиялық сағат енгізпекпіз. Экология проблемасына адамдарды балаң шақтан бастап тарту маңызды», - деді Мырзағалиев.

Оның айтуынша, экологиялық сағатты республикалық ауқымды акция ретінде, білім беру мекемелерінен – мектеп пен балабақшадан бастап, өткізу жоспарлануда.

«Тек білім беру процесі, менталитетімізді өзгерту арқылы ғана қоқысты кәдеге жаратуда жақсы нәтижеге жетпекпіз», – деді ол.

Министр профильдік сала – Білім және ғылым министрлігімен еліміздегі білім беру мекемелерінде мұндай факультативтерді өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілгенін айтты. Қазіргі уақытта бұл мәселені іске асырудың механизмі зерттелуде.

«Біз қажетті спикерлерді дайындауымыз керек. Ол қайткенде де мұғалім болуы шарт емес, осындай сағаттарды жүргізетін спикер, волонтер, экологиялық ұйым өкілі болуы мүмкін. Біз білім беру министрімен бірге экологиялық сағаттың елімізде жаппай белгілі бір күні өткізілуін келістік. Бұл – көпшілікті экология пробелемасына тартудың жақсы жолы», – деді экология министрі.

Еске салсақ, бүгін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі басшысы #Birge #TazaQazaqstan атты Нұр-Сұлтан қаласына жақын маңдағы Қоянды су қоймасының жағасын тазарту акциясын бастады. Шараға 1,2 мыңнан астам адам қатысып, 10 тоннаға жуық қоқыс жиналды.

Экология министрі өзге өңірлерді Нұр-Сұлтанның рекордын жаңартуға шақырды.

Өзгелердің жаңалығы