Бас жаңалықтар
Экология министрлігі мен National Geographic Qazaqstan фотобайқау өткізеді
27 Қаңтар 2021, 12:15 201

Экология министрлігі мен National Geographic Qazaqstan фотобайқау өткізеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі «National Geographic Qazaqstan» журналының редакциясымен бірлесіп «Қазақстанның жабайы табиғаты» атты алғашқы республикалық фотобайқау өткізеді. 

Жүлде қоры 1,5 млн теңгені құрайды.
Сараптау комиссиясының құрамына кәсіби шетелдік және отандық фотографтар, фотосурет саласындағы сарапшылар, БАҚ өкілдері кіреді. Байқауға әуесқой фотографтар мен 18 жастан асқан кәсіби мамандар қатыса алады, - делінген хабарламада.

Қатысушылардың жұмыстары 2021 жылдың 1 ақпанынан 15 сәуіріне дейін қабылданады. Байқау шарттарымен осы сілтеме арқылы толығырақ танысуға болады.

Іс-шара арқылы ұйымдастырушылар адам мен табиғаттың өзара қатынас мәселелеріне, табиғи әртүрлілікті сақтауға қоғамдық назар аударуды, қоршаған ортаны құрметтеу идеяларын кеңінен насихаттауды көздейді.

Бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев экологиялық білім берудің, мектеп қабырғасынан бастап халықты ағартудың маңыздылығын атап өткен болатын. Осыған байланысты, Экология министрлігі қоршаған ортаны құрметтеу, жануарларға жауапкершілікпен қарау салаларындағы жағдайды жақсарту, сондай-ақ ұлттық парктерде экотуризмді дамыту үшін құжаттар пакетін дайындауда. 

Осы мәселелерді шешу үшін министрлік тиісті бас жоспарларды әзірледі, оларды халықпен талқылау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар қабылданатын шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында ұлттық парктер жанынан қоғамдық кеңестер құрылды.

«National Geographic Qazaqstan» журналының редакциясы өз қызметінде экология, қоршаған ортаны қорғау, жануарлар дүниесі саласындағы өткір мәселелерді де көтереді. Серіктестердің қолдауымен журналдың қазақстандық редакциясы жыл сайын экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған іс-шараларды өткізеді: ҚР елордасы мен өңірлерінде ғылыми экспедициялар, турлар, фотокөрмелер өткізіп, материалдарды журналда және баспаның интернет-ресурстарында жариялайды.


Фото: дереккөз
Загрузка...