Бас жаңалықтар
Экология министрлігі «Қоғамдық бақылау және мониторинг» ұйымымен бірлесіп жұмыс жасайды
23 Қаңтар 2021, 04:32 129

Экология министрлігі «Қоғамдық бақылау және мониторинг» ұйымымен бірлесіп жұмыс жасайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен «Қоғамдық бақылау және мониторинг» республикалық қоғамдық бірлестігі экология, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғау саласында ұзақмерзімді әріптестік орнату, кеңейту және нығайту туралы Меморандумға қол қойды. 

Қоғамдық ұйымдармен тығыз байланыс «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы негізінде жүзеге асып отыр, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі. 

Келісім аясында тараптар әртүрлі табиғат қорғау акцияларына жұртшылықты тартып, халықтың экологиялық мәдениетін арттыру бойынша жұмыстар атқарады. Экология, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғау саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алудың бірлескен шараларын жүргізеді. 

Меморандумға қол қою аясында ұйым төрайымы Саида Таукелева ел арасындағы экологияға қатысты резонансты проблемалармен министрлікті хабардар етіп, бірге шешімін табуға атсалысуға дайын екенін жеткізді. Алматы қаласы ауасының ластануы, жылу электр станцияларын газға көшірудің тиімділігін жұртшылыққа түсіндіру, Ақтөбе облысы Бестамақ ауылындағы шошқа фермасына халықтың наразылығы сияқты өткір тұрған мәселелерді атап өтті. 

Министр Мағзұм Мырзағалиев ұйым өкілдерінің азаматтық позициясы үшін алғыс білдіріп, халық пен Үкімет арасында көпір болатын бірлестікпен тығыз жұмыс істеуге дайын екенін айтты.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...